KazNARU БАЗАСЫНДА ХVIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

KazNARU БАЗАСЫНДА ХVIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) ХVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадасының салтанатты ашылуы өтті. Аталған білім ордасы еліміздің аграрлық саласы мен ғылым-білімінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан жетекші жоғары оқу орындарының бірі.
Олимпиаданың шымылдығын өз құттықтау сөзімен Басқарма Төрағасы-Ректордың Бірінші орынбасары Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов ашты.
Биылғы олимпиадаға еліміздің 13 жоғары оқу орнынан 12 білім беру бағдарламасы бойынша 142 білім алушы қатысуда. Сонымен қатар, студенттерге қолдау көрсету мақсатында түрлі оқу орындарынан 48 жетекші арнайы келіп отыр.
Республикалық білім сайысына келесі жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда:
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті,
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Шәкәрім атындағы университет (Семей қаласы), Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Торайғыров университеті (Павлодар қаласы), М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті.
Олимпиада барысында қатысушылар агрономия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин, орман ресурстары және орман шаруашылығы, ландшафттық дизайн және көгалдандыру, аңшылықтану және аң шаруашылығы, су ресурстарын басқару, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау, ветеринария, ветеринариялық медицина, ветеринариялық санитария, аграрлық техника және технология және бағалау бағыттары бойынша бақ сынауда.
Олимпиада екі кезең бойынша өтуде: бірінші кезеңде қатысушылар мемлекеттік және орыс тілдерінде 30 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын 50 минут ішінде орындап, 0-ден 30 балға дейін жинай алады, ал екінші кезеңде олар 2 теориялық және 2 практикалық тапсырмадан тұратын жазбаша жұмысты орындап, 1,5 сағатқа дейінгі уақытта өз білімдері мен дағдыларын көрсетеді, мұнда теориялық сұрақтардың әрқайсысы 10 баллмен, ал практикалық тапсырмалар 20 баллмен бағаланып, жалпы 60 балға дейін есептеледі. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже 100 балды құрайды, сондай-ақ жоғары оқу орындарының командалық таныстырылымы да бағаланып, әр қатысушыға 10 баллға дейін беріледі.
Аталған олимпиада студенттердің теориялық білімін тереңдетіп, тәжірибелік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ болашақ мамандар арасында кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады, сондықтан бұл білім сайысы аграрлық саладағы дарынды жастарды анықтап, олардың кәсіби дамуына серпін береді.
Құрметті қатысушылар, олимпиададағы алғашқы асуларыңыз жемісті де жеңісті болып, жарқын жетістіктерге толы болсын!
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник