KazNARU ДЕЛЕГАЦИЯСЫ «RES 2026 EXPO» ӨҢІРЛІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САММИТІНЕ ҚАТЫСТЫ


2025 жылы Ұлттық ғылым академиясы жанынан Қытай ғылым академиясының академиктері мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғалымдарының қатысуымен кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму саласындағы Қазақстан–Қытай халықаралық зертханасы құрылды.
Зертхана аясында жасанды интеллект көмегімен су ресурстарын кешенді басқаруға арналған қазақстандық DeepBas цифрлық платформасы әзірленді. Аталған платформа ҚР Үкіметінің қолдауына ие болып, 2027 жылдан бастап елдің ең ірі үш су бассейнінде пилоттық режимде іске асырылатын болады.
2024 жылы Қазақстан және Өзбекстан мемлекет басшыларының ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімі аясында ҚазҰАЗУ-да «Су ресурстары және су пайдалану» бағыты бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде мамандар даярлауға арналған «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті филиалы ашылды. Бірлескен білім беру бағдарламалары толық үйлестірілген. 2026 жылы екі жоғары оқу орны базасында 165 студент білім алуда.
Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп су шаруашылығы саласында «Жасанды интеллект» және «Робототехника» бағыттары бойынша 2+2 форматындағы екідипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Кадрларды практикалық даярлауды қамтамасыз ету мақсатында Қытай аграрлық университетімен бірлесіп ҚазҰАЗУ базасында Қазақстанда баламасы жоқ, құрғақшылық аймақтарда жоғары тиімді су пайдалануға арналған бірегей зертхана құрылды. Алматы облысының ірі су қоймаларына су көлемін бақылау сенсорлары орнатылды. Зертхана өлшеу жүйелерінен деректерді нақты уақыт режимінде қабылдап, студенттерге су ресурстарын қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шешім қабылдауды қолдау жүйесін құру жобасы аяқталу сатысында. Жоба аясында өңір ресурстары туралы деректерді автоматты түрде жинайтын және оларды жасанды интеллект арқылы талдау негізінде тұрақты дамуды арттыруға бағытталған оңтайлы басқарушылық шешімдер ұсынатын цифрлық платформа әзірленуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін жүйе практикалық қолдануға дайын болып, еліміздің басқа өңірлеріне енгізуге ұсынылады.



.jpeg)
