АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА МАЛ БАСЫН АСЫЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚОЙДЫ ҚОЛДАН ҰРЫҚТАНДЫРУ НӘТИЖЕЛЕРІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің ғалымдары Алматы облысындағы мемлекеттік ұйымдар мен фермерлік шаруашылықтарға озық мал шаруашылығы және ветеринариялық технологияларды енгізу бағытында тұрақты түрде ғылыми кеңес беріп, тәжірибелік қолдау көрсетіп келеді.

Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Дастан Сұлтанмұратұлы Құдабаевтың бастамасымен 2025 жылдың тамыз айынан бастап жеке секторда, сондай-ақ шағын және орта шаруашылықтарда қойлар мен ірі қара малды қолдан ұрықтандыру технологиясын енгізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Бұл бастама мал тұқымын асылдандыруға, генетикалық әлеуетті арттыруға және жануарлардың өнімділігін көтеруге бағытталған.

Осы жұмыстар аясында 2026 жылғы 16 сәуірде Райымбек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен сиырлар мен қойларды қолдан ұрықтандыру технологиясын енгізудің өзектілігіне арналған семинар өтті. Іс-шара барысында қажетті жыныстағы төл алу үшін жынысы сұрыпталған шәуетті пайдаланудың артықшылықтары, эмбриондарды трансплантациялау технологиясын қолданудың болашағы, сондай-ақ өңір жағдайына бейімделген қой және ірі қара мал тұқымдарын өсірудің экономикалық тиімділігі кеңінен талқыланды.
Семинарды аудан әкімі Д.С. Құдабаев жүргізді. Баяндамалармен мал шаруашылығын көбейту биотехнологиясы саласындағы белгілі сарапшы, Ресей мал шаруашылығын дамыту қорының президенті А.В. Журавлев, ҚазҰАЗУ-дың «Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Е.С. Үсенбеков, «ҚазЖИК» ЖШС өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Т.Е. Кенжебаев, сондай-ақ «Асыл Көкше» компаниясының менеджерлері Әділет Есенов пен Жұлдыз Құрманбекова сөз сөйледі. Семинарға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің, ветеринариялық қызметтің мамандары және фермерлік шаруашылық басшылары қатысты.


А.В. Журавлев қой шаруашылығын жақсарту мақсатында жоғары өнімді асыл тұқымды қойлардан жергілікті реципиент қойларға эмбрион трансплантациялау технологиясын қолдануды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тәсіл қысқа мерзім ішінде таза тұқымды төл алуға мүмкіндік береді.

ҚазҰАЗУ-дың «Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Е.С. Үсенбеков жеке сектордағы сиырларды қолдан ұрықтандыру технологиясының ерекшеліктеріне тоқталып, бұл бағыттағы негізгі қиындықтарды атап өтті. Атап айтқанда, тәжірибелі ұрықтандыру техниктерінің тапшылығы, ұйымдастырушылық мәселелер және аталық бұқаларды бөлек ұстау қажеттілігі технологияны енгізуде белгілі бір кедергілер туғызады. Сонымен қатар ол Жамбыл облысында 019 бағдарламалық жобасы аясында қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүзеге асыру тәжірибесіне тоқталып, тендерлік рәсімдердің екі айдан астам уақытқа созылуы жұмыстың тиімділігіне кері әсер ететінін жеткізді.

Е.С. Үсенбеков ҚазҰАЗУ ғалымдарының жеке секторда, сондай-ақ шағын және орта шаруашылықтарда сиырларды қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруда тәжірибесі мол екенін атап өтіп, Райымбек ауданында 019 бағдарламасы аясында тендерге қажетті құжаттаманы дайындау жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды. Университет бұл бағытта толық ғылыми сүйемелдеу көрсетуге дайын. Бүгінде кафедрада қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық құрал-жабдықтар, соның ішінде Дьюар ыдысы, шәует еріткіштері, ұрықтандыру катетерлері және өзге де жабдықтар бар.

Профессор Т.Е. Кенжебаев ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктерін, малдың бейімделу қабілетін, ет және жүн өнімділігін ескере отырып, асылдандыру жұмыстарына тиімді қой тұқымдарын ұсынды.
Өз кезегінде аудан әкімі Д.С. Құдабаев Райымбек ауданында қой мен ірі қара мал басын көбейтуге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қолда бар мал басының өнімділігін арттыру үшін эмбриондарды трансплантациялау, қолдан ұрықтандыру және жынысы сұрыпталған шәуетпен ұрықтандыру секілді заманауи биотехнологиялық әдістерді кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Семинар қорытындысында ҚазҰАЗУ ғалымдарының сиырлар мен қойларды қолдан ұрықтандыру технологиясын енгізуге және 019 бағдарламасы бойынша тендерлік құжаттаманы әзірлеуге ғылыми қолдау көрсететіні жөнінде бірлескен шешім қабылданды.


Аудан әкімі Д.С. Құдабаев Шалкөде ауылдық округінде қолдан ұрықтандыру пунктін ұйымдастыруға атсалысқан ҚазҰАЗУ ғалымдарына, ұрықтандыру техниктеріне, «ҚазЖИК» институтының қызметкері Мақсатқа және фермер Турбеков Нұрболға алғысын білдірді.
Айта кету керек, 2025 жылы «Тур Ферма» шаруа қожалығында қойларды қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта қойлар төлдеп жатыр. Бұл процеске Райымбек ауданында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің студенттері де белсенді қатысуда.
Жалпы, қой мен ірі қара малдың тұқымдық және өнімділік сапасын арттырудың қолжетімді әрі үнемді жолы ретінде қолдан ұрықтандыру технологиясының маңызы зор. Осы бағыттағы ғылыми негізделген жұмыстар ауданның мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Дереккөз:
«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Е.С. Үсенбеков
«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры К.У. Қойбагаров
«Клиникалық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы А.А. Туғанбай
«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Е.С. Үсенбеков
«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры К.У. Қойбагаров
«Клиникалық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы А.А. Туғанбай



.jpeg)

