ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ШӨЛЕЙТТЕНУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТЕГІ ЖАҢА БАҒЫТТАР
2026 жылғы 13–14 сәуір күндері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Қытай–Орталық Азия шөлейттенуге қарсы күрес орталығында (Иньчуань қаласы, Нинся-Хуэй автономиялық ауданы) бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Делегацияны Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы, Басқарма Төрағасы – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары бастап барды. Құрамында орман ресурстары, аңшылық және аквакультура кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Алматы қаласының жасыл желек жобасының жетекшісі Кертешев Т.С. және университеттің активтерді басқару бөлімінің басшысы Толкинов Е.М. болды.
.jpeg)
Сапардың алғашқы күні делегация Қытайдағы жетекші экологиялық компаниялардың бірі — Ningxia Ning Miao Ecological Landscape (Group) Co., Ltd. қызметімен танысты. 2003 жылы құрылған бұл компания Қытай аумағында ірі ландшафттық және экологиялық жобаларды іске асырып келеді.
Кездесу барысында шөлейт және құрғақ аймақтарды көгалдандыруға арналған бірқатар заманауи технологиялар таныстырылды. Атап айтқанда:
-
тұқымдарды механикалық сығымдау арқылы дайындалатын арнайы таблеткалар, олардың көмегімен өсімдіктердің өну жылдамдығы мен өміршеңдігі артады;
-
топырақ ылғалын сақтайтын және өсімдіктің тамыр жүйесін қоректендіретін құрамдар;
-
өсімдіктердің ұзақ мерзімді тіршілігін қамтамасыз ететін «тіршілік қапшықтары» технологиясы.
Бұл технологиялар табиғи-климаттық жағдайы күрделі өңірлерде, соның ішінде шөлейт және техногендік бұзылған аумақтарды қалпына келтіруде тиімді қолданылып келеді.
Сондай-ақ KazNARU өкілдері Иньчуань қаласында жүзеге асырылып жатқан батпақты аймақтарды қалпына келтіру және қалалық саябаққа айналдыру жобасымен танысты. Географиялық тұрғыдан бұл өңір Хуанхэ өзені мен Хэланьшань тауларының аралығында, Гоби шөлінің шекарасына жақын орналасқан.
.jpeg)
.jpeg)
Сапардың екінші күні Қытай–Орталық Азия шөлейттенуге қарсы күрес орталығында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында Нинся-Хуэй автономиялық ауданы орман және жайылым шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ли Сянь және KazNARU басшылығы атынан Сұлтанғазиев Қ.Е. құттықтау сөз сөйледі.
Кездесуде орталық директоры Фэн Чжаньвэнь ұйымның негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, Орталық Азия елдерімен ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективаларын атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Нинся университетінің орман және жайылым шаруашылығы институтының өкілдері, Нинся су шаруашылығы және гидроэнергетика институтының ғалымдары, сондай-ақ қытайлық өндірістік және ғылыми ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар стратегиялық бағыттар бойынша ортақ жобаларды іске асыруға уағдаласты:
— KazNARU базасында ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған ақылды жылыжай және демонстрациялық алаң құру (Қытай тарапының гранттық қаржыландыруы алдын ала мақұлданған);
— Нинся университетімен екі дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, оның ішінде бакалавр, магистр және докторанттарды бірлесіп даярлау;
— сирек кездесетін жануарлар дүниесін сақтау бағытында ғылыми зерттеулер жүргізу (киік, қар барысы, Пржевальский жылқысы), сондай-ақ мемлекетаралық келісімдер аясында киіктерді көшіру жобасын іске асыру;
— су ресурстарын тиімді пайдалану және үнемдеу бағытында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Хуанхэ өзені бассейніндегі тәжірибені зерделеу.
Жоспарланған жобалардың ішінде бірінші кезекте KazNARU-дың Байбұлақ оқу шаруашылығы аумағында ақылды жылыжай кешенін құру көзделіп отыр.
Аталған жобаны жүзеге асыруда қытайлық Ningxia Ning Miao Ecological Landscape (Group) Co., Ltd. компаниясы негізгі серіктес әрі орындаушы ретінде белгіленді. Компанияның 80 гектар аумақта орналасқан жылыжай және орман питомниктері базасында KazNARU делегациясы өндірістік процестермен жан-жақты танысты.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық ғылым, экология және табиғи ресурстарды тиімді басқару саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
KazNARU-дың халықаралық әріптестікті кеңейту бағытындағы бұл қадамы ғылыми әлеуетті арттырумен қатар, жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобаларды іске асыруға жол ашады.

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
