KazNARU-да ҰЛЫСТЫ ҰЛЫҚТАҒАН НАУРЫЗНАМА ОНКҮНДІГІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Наурызнама онкүндігі ерекше сән-салтанатымен бастау алды. Бұл – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы тойлаудың жаңа, мазмұнды форматы. Президент Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған игі үрдіс университет қабырғасында кеңінен жалғасын тауып, әр факультет өз үлесін қосып, мерекені жоғары деңгейде атап өтуде.
Наурызнаманың алғашқы күндері-ақ оқу ордасы шаттық пен жылулыққа бөленді.
14 наурыз – Көрісу күні университет ұжымы мен студенттері үшін ерекше ықылас пен ізеттіліктің күні болды. Ақжарма тілектер айтылып, көптен көріспеген жандар қауышып, ұлттық дәстүрге сай қол алысып, төс қағыстырып, амандық-саулық сұрастырды. Бұл күн адамдар арасындағы бауырмалдықты тереңдете түсті.
15 наурыз – Қайырымдылық күні ізгі амалдармен өрілді. Университет жастары мен оқытушылары мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Жүректен шыққан жанашырлық пен мейірім қоғамға деген жауапкершілікті айқындай түсті.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналды. Бұл күні студенттер қазақтың бай мұрасын дәріптеп, салт-дәстүрлерді сахналық қойылымдар арқылы көрсетті. Ұлттық өнер мен мәдениетке деген құрмет айқын сезіліп, ата-баба аманатына деген тағзым ерекше байқалды.
17 наурыз – Шаңырақ күні бірлік пен отбасы құндылықтарын дәріптеген мазмұнды шаралармен жалғасты. Университет қабырғасында өткен кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралар жастарға отбасының қадір-қасиетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды асыл қасиеттерді кеңінен насихаттады. Шаңырақтың беріктігі – елдің тұтастығы екенін ұғындырған бұл күннің мағынасы терең болды.Жалпы, Наурызнаманың алғашқы күндері университет өміріне ерекше серпін беріп, білім ордасын ұлттық рухқа, шаттық пен мерекелік көңіл күйге бөледі. Әр факультет бұл күндерді өз ерекшелігімен атап өтіп, шығармашылық пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Алдағы күндерде де мерекелік шаралар өз жалғасын тауып, Наурыздың мәні мен маңызын тереңдете түсері сөзсіз.
Алдағы күндерде де мерекелік шаралар өз жалғасын табады. 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы, 23 наурыз – Тазару күні аясында өтетін барлық шараларға барлығыңызды шақырамыз – бірге тойлап, Наурыздың шуағын бөлісейік!KazNARU Баспасөз қызметі



