ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

KazNARU-ДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРІНІҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҒАЛАУ ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ БОЙЫНША ЖҰМЫС СЕМИНАРЫ ӨТТІ

 

2026 жылғы 13 наурызда KazNARU-да «Алматы қаласының жасыл желектерін түгендеу және орман-патологиялық зерттеу негізінде олардың сапалық жай-күйін бағалау, Алматы қаласының жасыл қорын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын және 2026–2030 жылдарға арналған дендрологиялық жоспарды әзірлеу» ғылыми жобасының ағымдағы нәтижелері мен оны одан әрі іске асыру жоспарын талқылауға арналған жұмыс семинары өтті.
Семинар жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми ұйымдардың мамандары және жоба сарапшылары қатысты.
Семинарды ашқан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов мегаполистің тұрақты дамуы үшін экологиялық жобаларды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтіп, қаланың жасыл қорын зерттеу бағытындағы университеттің рөлін ерекше атап өтті.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Нұрлыбекұлы Көжекенов сөз сөйлеп, мегаполистің жасыл қорын сақтау, мониторинг жүргізу және дамыту мәселелерінде ғылыми ұйымдар мен қалалық қызметтердің өзара ынтымақтастығының маңызын атап өтті.
Семинар барысында жоба мамандарының баяндамалары ұсынылды. Жоба жетекшісі Талғат Сейітұлы Кертешев жобаның мақсаттары, міндеттері және негізгі компоненттері туралы баяндады.
Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Жоба келесі ұйымдардың консорциумы арқылы жүзеге асырылуда:
  • Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті
  • «АлматыБасЖоспары» ғылыми-зерттеу институты
  • «Eco Almaty» ЖШС
Консорциум қаладағы жасыл желектердің жай-күйін кешенді бағалау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған ашық конкурс жеңімпазы болып танылды.
Жоба Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер дүниесі туралы» (2023 ж.) Заңына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған заңға сәйкес елді мекендердегі жасыл желектер әр 5 жыл сайын түгендеуден және бағалаудан өтіп тұруы тиіс.
Жобаның негізгі мақсаты – Алматы қаласының жасыл желектерінің сапалық жай-күйін олардың түгенделуі мен орман-патологиялық зерттеулері негізінде, жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи әдістерін пайдалана отырып бағалау.
Жоба аясында келесі жұмыстар көзделген:
  • қаланың жасыл желектерінің деректер базасын жаңарту;
  • ағаштарды жеке-дара есепке алу арқылы түгендеу жүргізу;
  • орман-патологиялық зерттеу жүргізу;
  • жасыл желектерді күтіп-ұстау бойынша ғылыми ұсынымдар әзірлеу;
  • 2026–2030 жылдарға арналған қаланың дендрологиялық жоспарын әзірлеу;
  • әзірленген шешімдерді Алматы қаласының Бас жоспарымен ықпалдастыру.
2025 жылы екі жылдық жоба аясында Алматы қаласының Алатау, Алмалы және Түрксіб аудандарында ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізілді.
Таксациялық топ жетекшісі Болқайыр Тасқайырұлы Мамбетoв жасыл желектерді түгендеу нәтижелері мен оларды күтіп-ұстау бойынша ұсынылған шаралар туралы баяндады.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің мамандары жерді қашықтықтан зондтау әдістерін пайдалана отырып ағаштарды жеке-дара есепке алу жұмыстарын жүргізді.
Ағаштарды паспорттау барысында олардың негізгі таксациялық көрсеткіштері анықталды:
  • ағаш түрі
  • жасы
  • дің диаметрі
  • ағаш биіктігі
  • тәжінің диаметрі
  • санитарлық жай-күйі
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үш аудан бойынша 1,6 миллионнан астам жасыл желек есепке алынып, алынған деректер Алматы қаласының жасыл желектер реестріне енгізу үшін жолданды.
Жоба сарапшылары Тимур Борисұлы Таменов пен Мұрат Халматұлы Шарипов ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және жерді қашықтықтан зондтау технологияларының қолданылуы туралы баяндады.
Жоба барысында заманауи мониторинг технологиялары кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда:
  • Sentinel-2 спутниктік суреттері
  • NDVI, EVI, NDMI вегетациялық индекстерін талдау
  • ұшқышсыз ұшу аппараттары
  • QGIS геоақпараттық жүйесі және QField мобильдік қосымшасы
БПЛА қолдану 3–5 см дәлдікке дейінгі ортофотожоспарларды алуға мүмкіндік береді, бұл әрбір ағаштың нақты координаттарын анықтап, олардың жай-күйін дәл бағалауға жағдай жасайды.
Жобаны жүзеге асыруға экология, орман шаруашылығы және қалалық жасыл желектерді басқару саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысуда.
Жобаның сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуі кеңестік және қазақстандық ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сәбит Байзақұлы Байзақовтың қатысуымен жүзеге асырылуда.
Жоба сарапшыларының бірі – Игорь Александрович Коваль.
Сондай-ақ жоба сарапшысы Нұржан Серікханұлы Мұхамадиев жасыл желектердің санитарлық жай-күйі және ағаш зиянкестерімен күрес шаралары туралы баяндама жасады.
«АлматыБасЖоспары» ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қаланың үш ауданы бойынша дендрологиялық жоспарды әзірлеу жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді.
«Eco Almaty» ЖШС экологиялық мониторинг бөлімінің жетекшісі Жасұлан Болатбекұлы Заурбеков резистограф арқылы қарт ағаштарды зерттеу және деректерді Реестрге енгізу нәтижелерін таныстырды.
Топырақтанушы сарапшы Гүлвира Лемісқызы Есенбаева топырақ үлгілеріне жүргізілген зертханалық талдау нәтижелерімен таныстырды.
Семинар қорытындысында қатысушылар қаланың жасыл қорын басқару жоспарының құрылымын талқылап, ландшафттық таксация параметрлерін келісіп, 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қарастырды.
Жоба жетекшісі Талғат Сейітұлы Кертешев қабылданған шешімді таныстырып, жасыл желектерді түгендеу, дендрологиялық жоспарды әзірлеу және Алматы қаласының жасыл қорын басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Жобаны іске асыру Алматы қаласының жасыл желектерін басқарудың ғылыми негізделген жүйесін қалыптастыруға, олардың сақталуы мен дамуына бағытталған іс-шаралардың тиімділігін арттыруға және қаланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта қаланың барлық көгалдандыру жұмыстары әзірленген дендрологиялық жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
---------Chatbot---------
виртуальный помощник