ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

«ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ – 2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Алматы қаласында «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2025» республикалық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының 150 оқытушысына құрметті атақ берілді. Марапаттарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.
Жеңімпаздар қатарында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) өкілдері бар:
🔹 Жаппарова Айгүл Абсұлтанқызы — «Агробиология» факультетінің «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, KazNARU профессоры;
🔹 Мусоев Асылбек Майлыбайұлы — PhD, «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының меңгерушісі, «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің деканы.
Байқау комиссиясы ғылыми жарияланымдардың деңгейін, электрондық білім беру ресурстарын енгізуін, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуін, патенттер мен инновациялық әзірлемелердің болуын, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі үшін мамандар даярлауға қосқан үлесін бағалады.
Профессор Айгүл Жаппарова агрохимия және топырақтану саласының танымал маманы. Соңғы жылдары оның мақалалары халықаралық рейтингтік журналдарда, соның ішінде Q1 санатындағы Agronomy, Sustainability басылымдарында, сондай-ақ КОКСОН ұсынған журналдарда жарияланған. Оның ғылыми жетекшілігімен магистрлер мен PhD докторлары даярлануда.
Айгүл Абсұлтанқызы — Санкт-Петербург мемлекеттік аграрлық университетінің түлегі. 1993 жылдан бері аталған кафедрада үздіксіз еңбек етіп келеді. Ғылыми жолын академик Р.Е. Елешевтің жетекшілігімен аспирант ретінде бастап, ассистенттен профессор дәрежесіне дейінгі кәсіби сатылардан өтті. Оның көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметі ғылым мен білімге адалдықтың, табандылық пен үздіксіз дамуға ұмтылыстың жарқын үлгісі болып табылады.
Асылбек Мусоев ветеринариялық қауіпсіздік және эпизоотология салаларында елдің биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобаларды белсенді жүзеге асыруда. Ол халықаралық журналдардағы жарияланымдардың авторы, ветеринария саласында 16-дан астам патенттің иегері, сондай-ақ монография авторы. Оның ғылыми әзірлемелері жануарлардың жұқпалы ауруларын диагностикалау және оларға қарсы вакциналар жасау әдістерін қамтиды.
«ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2025» атағын иелену KazNARU профессор-оқытушылар құрамының жоғары деңгейін, ғылыми нәтижелілігі мен инновациялық белсенділігін айқындайды.
Лауреаттардың жетістіктері университеттің ғылыми зерттеулерді дамытуға, халықаралық білім беру кеңістігіне ықпалдасуға және аграрлық сектор үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы Жаппарова Айгүл Абсұлтанқызы мен Мусоев Асылбек Майлыбайұлын лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтайды!
Алдағы уақытта жаңа ғылыми табыстар, тың жобалар, дарынды шәкірттер мен жарқын кәсіби жетістіктер тілейміз!

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник