ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

ҚазҰАЗУ студенттері «Green Recycle» ЖШС қоқыс сұрыптау кешеніне барды

Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан «Green Recycle» ЖШС қоқыс сұрыптау кешенінің (ҚСК) базасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУ) студенттері үшін таныстыру экскурсиясы өтті.

Іс-шара барысында қатысушыларға кәсіпорынның қызметі мен қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі таныстырылды. Кешен басшысы Гаевский Александр Владимирович ҚазҰАЗУ студенттерімен қауіпті емес қалдықтарды жинау және сұрыптау саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

ҚазҰАЗУ тарапынан экскурсияға Сүйінчалиева Майя, Жасыл және тұрақты даму институтының жетекші маманы, сондай-ақ «Инженерлік технологиялар» және «Ветеринария және зооинженерия» факультеттерінің студенттері қатысты.

«Green Recycle» ЖШС 2013 жылғы 10 маусымда тіркелген. Компанияның негізгі қызмет түрі – қауіпті емес қалдықтарды жинау (ЭҚЖЖ 38110). Кәсіпорын Алматы қаласының қалдықтарды басқару жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Экскурсия барысында кәсіпорын өкілдері күн сайын Алматы қаласынан қоқыс сұрыптау кешеніне 1500–1700 тоннаға дейін қалдық түсетінін хабарлады. Қалдықтар түсірілгеннен кейін қолмен сұрыптау желілеріне жіберіліп, онда қайталама шикізаттар іріктеледі.

Сұрыптау барысында келесі қалдық түрлері бөлініп алынады:

  • макулатура;
  • пластик қалдықтар;
  • полиэтилен пакеттер;
  • шүберек қалдықтары;
  • электрондық қалдықтар;
  • металл;
  • әйнек.

Сұрыпталған фракциялар әрі қарай қайта өңдеуге жіберіледі, бұл полигондарға түсетін жүктемені азайтып, қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің дамуына ықпал етеді. Қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар сұрыптау желілерінен кейін көмуге жіберіледі.

Осындай экскурсиялар қалдықтарды басқару процестерін көзбен көруге, жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және қаланың тұрақты дамуы үшін қайталама шикізатты қайта өңдеудің маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Іс-шара соңында қатысушылар естелікке ортақ фотоға түсті.

Іс-шара ҚазҰАЗУ жанындағы Жасыл және тұрақты даму институтының қолдауымен өткізілді.

Өткізу орны: «Green Recycle» ЖШС Алматы қ., Алатау ауданы, Алғабас шағынауданы, 7-көше, 134/12

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник