KazNARU «UniExpo: Бүгінгі таңдау – ертеңгі жетістік» көрмесіне қатысты
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) Абай Ұлттық мектебі ұйымдастырған «UniExpo: Бүгінгі таңдау – ертеңгі жетістік» атты көрмеге қатысты.
Аталған іс-шара Абай Ұлттық мектебінің 2025–2026 оқу жылындағы бітіруші түлектеріне жоғары оқу орындары туралы жан-жақты ақпарат беру, болашақ мамандықтарымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Көрме аясында университет өкілдері оқушылармен тікелей байланыс орнатып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді.
KazNARU атынан көрмеге Әскери кафедраның аға оқытушысы Ерлан Куватбаев, университеттің Баспасөз қызметінің өкілі Аружан Оңғарбаева, сондай-ақ белсенді студенттер Мөлдір Умітәлі мен Ердәулет Сатыбалды қатысты.
Іс-шара барысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті тарапынан:
- университеттің білім беру бағдарламалары мен мамандықтары бойынша жалпы таныстырылым;
- қабылдау талаптары мен оқуға түсу тәртібі;
- оқу үдерісі, студенттік өмір және өзге де өзекті мәселелер бойынша кең көлемді ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар талапкерлерге университеттің халықаралық деңгейдегі жетістіктері таныстырылды. Атап айтқанда, 2025 жылы KazNARU өз тарихында тұңғыш рет «QS Sustainability Rankings» халықаралық рейтингінде әлемнің үздік ТОП-700 жоғары оқу орнының қатарына еніп, Орталық Азия бойынша 6-орынға көтерілді. Сондай-ақ беделді Times Higher Education World University Rankings 2026 (THE) рейтингінде 1500+ санатына кіріп, Қазақстанның үздік бес жоғары оқу орнының қатарынан көрінді.
Университетті цифрландыру бағытында жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде студенттер «AI-Sana», «Coursera» халықаралық білім беру платформалары арқылы білім алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар осы оқу жылында алғаш рет Қытайдың Чжэцзян технологиялық университетімен бірлескен «Жасанды интеллект» бағытындағы қос дипломды білім беру бағдарламасы таныстырылды.
Бүгінгі таңда KazNARU 200-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, орталықтар және компаниялармен серіктестік байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Нидерланды, Франция, Қытай, Малайзия, Германия, Италия, Түркия, Өзбекстан және өзге де елдер бар.
Айта кетейік, Абай Ұлттық мектебі – Абай философиясына негізделген, көптілді, жаһандық сын-қатерлерге қабілетті жаңа буын зиялыларын тәрбиелеуге бағытталған заманауи білім беру орталығы. Шараға еліміздің 35 жетекші жоғары оқу орнының өкілдері қатысып, өз университеттерін таныстырды. Көрме бағдарламасы аясында грантқа түсу мүмкіндіктері бойынша пайдалы кеңестер беріліп, тәжірибелі профориентологтармен кездесулер, университеттер көрмесі және марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
«UniExpo: Бүгінгі таңдау – ертеңгі жетістік» көрмесінің басты спикері – танымал коуч, мотиватор, 16 жылдық тәжірибесі бар педагог-профориентолог Омарбек Көшкімбайұлы мамандық таңдауға қатысты практикалық ұсыныстарын ортаға салды.
KazNARU алдағы уақытта да талапкерлерге сапалы білім беру мүмкіндіктерін таныстыру және кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.
KazNARU Баспасөз қызметі



