АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ – АДАЛ ЕҢБЕК ПЕН МОЛШЫЛЫҚ МЕРЕКЕСІ!
Елімізде дәстүрлі түрде қарашаның үшінші жексенбісінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл күн – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі.
Осы орайда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мерекелік іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – агроөнеркәсіп саласының майталмандарын ұлықтау және білім алушыларға ауыл шаруашылығының стратегиялық маңыздылығын терең ұғындыру.
Кәсіби мерекеге арналған іс-шараны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов ашты. Ол Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың құттықтауын жеткізе отырып: «Ауыл шаруашылығы – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың тұрмыс деңгейін көтерудің және өңірлердің тұрақты дамуының негізі. Еліміздегі әр үйдің дастарханындағы нан мен сүт, ет пен бал, көкөніс пен жеміс – бәрі де осы саланың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мен автоматтандырудың, өндірістегі тиімділікті арттырудың және импортқа тәуелділікті азайтудың маңызын үнемі атап өтеді. Осы бағытта біздің университет ауыл шаруашылығы саласына жоғары білікті мамандар даярлап қана қоймай, инновациялық зерттеулер мен ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуде жетекші орынға ие. Біздің түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, ауыл экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді”, – деді.
Мерекелік шара аясында университеттің барлық факультеттері – Агробиология, Ветеринария және зооинженерия, Бизнес және құқық жоғары мектебі, Инженерлік технологиялар, Орман шаруашылығы және жер ресурстары, Су ресурстары және ІТ технологиялары факультеттері өз салалары бойынша көрмелер ұйымдастырып, аграрлық бағыттағы ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларын таныстырды.
Сондай-ақ, іс-шараға агроөнеркәсіп саласының өкілдері, агроқұрылымдардың басшылары мен серіктес кәсіпорындардың жетекшілері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Амирхан» шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Естеусізов, «Nestle PURINA Pet Care» компаниясының ветеринария каналы менеджері Екатерина Матвеева, «BeeQueen» компаниясының өкілі Әлішер Сейтен, «Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы» инспекторы Мерейлім Жанұзақ, «ZAMMLER KAZAKHSTAN» ЖШС персонал бөлімінің жетекшісі Сания Талапова жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтай келе, қазіргі агросектордағы жаңа бағыттар мен инновациялық шешімдер туралы өз ойларын ортаға салды.
Іс шара соңында белсенді қатысқан агроқұрылымдар мен кәсіпорындардың өкілдеріне алғыс хаттар табысталып, университеттің өнерлі жастары концерттік бағдарлама ұсынды.
Аграрлық сала – ел экономикасының тірегі, халықтың әл-ауқаты мен тұрақтылығының негізі. Барлық ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен тағы да шын жүректен құттықтаймыз!
Еңбектеріңіз өнімді, мерейлеріңіз үстем болсын!
KazNARU Баспасөз қызметі


























