KazNARU QS-2026 ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГІНДЕ ЖЕТЕКШІ ОРЫНДА
2025 жылғы 25 қыркүйекте С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде QS World University Rankings 2026 сертификаттарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға халықаралық QS рейтингтік агенттігінің өкілдері, Алматы қаласының әкімдігі, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі екендігін тағы да дәлелдеді. Quacquarelli Symonds (QS) жаһандық аналитикалық агенттігі дайындаған жаңартылған QS WUR 2026 рейтингінде университет әлемнің үздік 700 жоғары оқу орнының қатарында, Қазақстанның ЖОО арасында 5-орында, ал Орталық Азия бойынша 6-орында.
QS WUR коммерциялық директоры Джейсон Ньюман қазақстандық жоғары оқу орындарын жетістіктерімен құттықтап, сертификаттар мен статуэткаларды табыстай отырып, жетекші білім ордаларының әлемдік академиялық қауымдастықтың дамуына қосқан үлесін және білім сапасының жоғары стандарттарына адалдығын атап өтті.
Салтанатты рәсім аясында «Білім Даму» консорциумы мен QS арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл қадам Қазақстанның жоғары оқу орындарының әлемдік білім кеңістігіндегі беделін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.
KazNARU-дың QS рейтингіндегі жетістігі – университеттің еліміздің тұрақты дамуына қосқан үлесінің айқын дәлелі.
Университет ғылыми-зерттеу бастамаларын кеңейтіп, халықаралық әріптестікті нығайтып, білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу арқылы қарқынды дамып келеді.
KazNARU ұжымын және білім алушыларын осы лайықты жеңіспен құттықтаймыз!