ҚазҰАЗУ

Факультет кураторлары үшін әдістемелік семинар-тренингтер ұйымдастырылды

26 қыркүйек күні университетте «Кураторлар мектебінің» жұмысы аясында факультет кураторларына арналған әдістемелік семинарлар мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Семинардың ресми бөлімінде тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ералиева Асима Шанбаевна сөз сөйлеп, кураторлардың тәрбие процесіндегі рөліне ерекше тоқталды. Ол студенттермен тәрбие жұмысының бағыттары, міндеттері мен қағидаттары, тұлғаны жан-жақты дамытуда Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын тиімді қолдану мәселелерін баяндай келе, жоғары білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ұйымдастырудың  нормативтік құжаттарына тоқталып өтті. 
Алдымен, сағат 12:00-де «Агробиология» факультетінің кураторлары үшін 4-оқу ғимаратындағы №432 аудиторияда семинар-тренинг өтті. Шара барысында кураторларға студенттермен жұмыс жүргізудің заманауи әдістемелері ұсынылып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелер - лудомания, буллинг, кибербуллинг, суицид және  т.б. жағдайларға жол бермеу бағытында психологиялық қолдауды күшейту жұмыстарына талдау жасалынды.  «Тұлға өзгерістерінің 5 белгісі» тақырыбында  әдістемелік материалдар таныстырылып, семинар соңында «Куратор қызметін өзіндік бағалау» сауалнамасы жүргізілді.
Келесі семинар 15:00-де «Су ресурстары және ІТ технологиясы» факультетінің кураторлары үшін 7-оқу ғимаратының №801 аудиториясында жалғасты. Мұнда да қатысушылар тәжірибе алмасып, студенттердің тұлғалық дамуы мен оқу-тәрбие процесін жетілдіруге арналған әдістемелік және психологиялық құралдармен танысты.
Аталған іс-шараларға кураторлар белсенді қатысып, өз ойларымен бөлісті. Семинар-тренинг барысында кураторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға және студенттермен тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған тәжірибелік әдістер қарастырылды.
Іс-шараларды ұйымдастыруға тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ералиева Асима Шанбаевна, психологиялық қолдау қызметінің жетекшісі Кольбаева Динара Достаевна  және психолог мамандар Нұржанқызы Сая, Мыңбай Әлішер, факультет декандарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары атсалысты.

KazNARU Баспасөз қызметі


​​​​​​​

---------Chatbot---------
виртуальный помощник