KazNARU-дың ӘСКЕРИ КАФЕДРАСЫ ЖАҢА АУДИТОРИЯ ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ
Бүгін 2025 жылдың 12 қыркүйегінде Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің әскери кафедрасында «Ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелері мен бөлімдерін жауынгерлік қолдану» әскери есептік мамандығының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты рәсімге Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы, Ғылыми білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры Ермеков Фараби Керімбайұлы, әскери кафедра басшылығы, офицерлер мен студенттер қатысты.
Шара барысында жаңа ҰҰА (Ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелері мен бөлімдерін жауынгерлік қолдану) аудиториясының ресми ашылуы жарияланып, лентаны Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы мен Ермеков Фараби Керімбайұлы бірге қиды. Қонақтар заманауи оқу-материалдық базамен танысып, аудиторияның техникалық мүмкіндіктерін көрді.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген университет басшылығы мен әскери кафедра өкілдері жаңа мамандықтың маңыздылығына тоқталды. Олар бұл бастама заманауи соғыс өнерінің негізгі бағыты болып табылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында білікті мамандар даярлауға зор үлес қосатынын атап өтті.
Сонымен қатар, студенттердің атынан сөз алған Жақсылық Нұркелді Ерболұлы жаңа мамандыққа деген қызығушылықтары мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Іс-шара қорытындысында ҰҰА аудиториясының ашылуы Қазақстан армиясының болашағы үшін жасалған маңызды қадам екендігі айтылып, қатысушыларға алғыс білдірілді.
KazNARU Баспасөз қызметі