ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР САҒИТОВ АБАЙ ОРАЗҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ОҚУ-ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ АУДИТОРИЯСЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ
Бүгін 2025 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің түлегі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Абай Оразұлы Сағитовтың 80 жылдық мерей тойына орай ғалымның аты берілген оқу ғылыми зерттеу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Абай Оразұлы – еліміздің аграрлық ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарып, фитосанитарлық ғылым саласында іргелі жаңалықтар енгізді. Ғалым биологиялық әдістерді жетілдіріп, отандық биопрепараттар өндірісін жолға қойды, орманды қалпына келтіру мен көгалдандыру бағытында жаңа ғылыми бастамалар көтерді.
Бұл аудиторияның ашылуы тек қана университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту емес, сонымен қатар ғылыми дәстүрдің сабақтастығы мен тарихи мұраның жалғасы болып табылады. Ұзақ жылдар бойы ғылымға, білімге және ел дамуына қызмет еткен ғалымның еңбегі бүгінгі және келер ұрпақ зерттеушілері үшін бағдар әрі аманат болмақ», - деп Басқарма Төрағасы-Ректордың Бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы құттықтады.
Академик Абай Оразұлы Сағитовтың өмір жолымен таныстыру үшін «Агробиология» факультетінің деканы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Абилдаев Ержан Советбекович сөз тізгінін жалғастырды:
«Абай Оразұлы – көрнекті ғалым және педагог, өсімдіктерді қорғау және биология саласындағы ғылым мен Қазақстанның жоғары мектебінің асыл өкілдерінің бірі 1945 жылы 18 тамызда Абай облысында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының өсімдіктерді қорғау факультетін бітіріп, кейін сол жерде кіші ғылыми қызметкерден проректор және Өсімдіктерді қорғау институтының директоры ғылыми-зерттеу лауазымына дейінгі қызметтік жолдан өтті. 730-дан астам ғылыми еңбектің, 18 монографияның, 5 оқулықтың авторы, 50 авторлық куәліктің және 160 патенттің иегері. Оның жетекшілігімен 7 докторлық және 30 кандидаттық диссертация қорғалды, 12 PhD докторы және 30 магистр шығарылды.
Ғалымның жетістіктері «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің медальдарымен, мемлекеттік марапаттармен және халықаралық сыйлықтармен аталып өтті. Латын Америкасы, АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапонияның жетекші ғылыми орталықтарында жұмыс істеп, тағылымдамадан өтті, Нобель сыйлығының лауреаты Норман Борлаугпен ынтымақтастықта болды. Өзінің ғылыми мектебін құрды, қазақ тілінде өсімдіктерді интегралды қорғау бойынша алғашқы оқулықты жазып шығарды. Ғылыми және педагогикалық қызметімен қатар, қоғамдық бастамаларға белсене қатысып, шөлейттенумен күресу, ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу, экожүйелерді сауықтыру жобаларын жүзеге асырды. Шетелдік ұсыныстардан бас тартып, өмірін Қазақстанға және аграрлық ғылымды дамытуға арнады».
Кейінгі құттықтау сөзі Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының қалалық филиалының төрағасы Бастаубаев Жумабек Андешевичке берілді.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы жылы лебізін білдірді.
ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, «Экология» халықаралық академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сулейменова Назия Шукеновна да ағамыздың еңбек жолын таныстырып, құттықтауын жеткізді.
Одан соң Испаниядан келген шәкірті Төлеубаев Қазыбекке құттықтау сөзі беріліп, өз ұстазына алғысын жеткізді.
KazNARU Баспасөз қызметі