ҚР ҰҒА ПРЕЗИДЕНТІНІҢ NU САПАРЫ: АКАДЕМИЯ ЖӘНЕ NU БАСҚАРУЫМЕН ЖАҢА ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН МАТЕРИАЛДАР ИНСТИТУТЫ АШУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ
2025 жылғы 19 тамызда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының (Академия) президенті А.Күрішбаев жұмыс сапарымен Назарбаев университетіне (NU) барды. Сапар басында NU президенті Вакар Ахмадпен кездесіп, тараптар ғылым, технология және инновация салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша NU базасында бірлескен Жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар институтын (ЖЭТИ) ашу бастамасы қолдау тауып, меморандумға қол қою туралы келісімге қол жеткізілді.
ЖЭТИ энергетикалық трансформацияның негізгі бағыттары бойынша құзыреттердің ұлттық өзегіне айналады: атом және сутегі энергетикасы, энергия жүйелерін цифрландыру, энергия сақтау технологиялары, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы мақсаттарын ғылыми қолдау. Институт АЭС жобалары мен жаңа энергетикалық бастамалардың тәуелсіз ғылыми сараптамасы функцияларын орындайды, сондай-ақ ITER және басқа да жаһандық платформалармен ынтымақтастық бойынша ұлттық үйлестіруші болады.
ҚР ҰҒА академигі Бәкенов Жұмабай Бекболатұлының институтты ашу туралы бастамасы Қазақстандағы тұрақты және қауіпсіз энергетиканы дамытудың стратегиялық басымдықтарымен тығыз байланысты және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келеді.
ЖЭТИ құру сонымен қатар, ҚР Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында жарияланған Қазақстандағы тұрақты энергия бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы бастамасын жүзеге асыру жолындағы практикалық қадам болып табылады.
Сапар барысында Академия президентіне НУ-дың негізгі ғылыми әзірлемелерімен таныстырылды: Smart жүйелер және жасанды интеллект институтында — «ManggiSoz», «Oylan», «Beinele» жобалары, РЭС зертханасында — күн батареялары саласындағы соңғы әзірлемелер, сондай-ақ Экологиялық жүйелер зертханасында, Наноскопия орталығында және Наноскопиялық зертханада жүргізілген зерттеулер. А.Күрішбаев ғылыми жұмыстың жоғары деңгейін атап өтіп, ғалымдарға еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Анықтама. ЖЭТИ-ды Назарбаев Университетінің базасында орналастыру жоғары технологиялық зертханаларды (энергияны түрлендіру және сақтау, сутегі технологиялары, энергетикалық жүйелерді модельдеу және т.б.) дамытуды, пилоттық жобаларды іске қосуды және әртараптандырылған қаржыландыруды (мемлекеттік бағдарламалар, салалық компаниялар, NU, халықаралық гранттар – БҰҰ, ЕО, МАГАТЭ және т.б.) көздейді. Бұл тәсіл институттың қаржылық тұрақтылығына және халықаралық консорциумдарға жылдам интеграциялануына негіз болады.