ҚазҰАЗУ

KazNARU ҒАЛЫМДАРЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСЫЛ ҚОРЫН ЖАҢҒЫРТУДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

✅ Алматы шаһарының тарихында тұңғыш рет Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы - Ректор, белгілі ғалым-академик, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының бастамасымен экологиялық жаңа жоба дүниеге келді.

✅ Ол «Алматы қаласының жасыл қорын дамыту жөніндегі іс-шаралар және 2026-2030 жылдарға арналған дендрологиялық Жоспар» деп аталады. Бұл өте өзекті мәселе. Осы жоба аясында университет ғалымдары оңтүстік мегаполистің жасыл желектерінің сапалық жай-күйін сараптап, оларды нақты сұрыптау және орман-патологиялық зерттеу жұмыстарын бастады.

✅ Жаңа бастама туралы KazNARU Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов хабарлады.

«Бұл аса маңызды мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей назарында. Президенттің 2023 жылы 2 қаңтарда бекіткен «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңы жасыл желектер дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Заңның 35-ші бабында елді-мекендердегі жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғауды қамтамасыз ету нормалары қарастырылған. Осы маңызды құжатты негізге ала отырып, Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті қаладағы жасыл екпелердің санитарлық жағдайларын анықтап, дендрологиялық сауықтыру іс-шараларды қолға алуда. Ауқымды Жобаның орындаушылары мен серіктестерге сәттілік тілейміз» - деп атап өтті Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Бүгінде Алматыдағы 70,1 мың гектар жердің 25,38 мың гектары жасыл желекпен көмкерілген. Қаланың жасылдық коэффициенті орташа есеппен 36%-ды құрайды, 4 миллионнан астам ағаш бар. Алайда, оның жартысынан астамы қартайған ағаштар категориясына жатады.

✅ Жобаны орындау тобының жетекшісі – KazNARU «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Талғат Кертешев. Сондай-ақ, «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының профессоры Бұлқайыр Мамбетов, қауымдастырылған профессор Ардақ Қожабекова, «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев, резистограф приборымен ағаш сүрегінің ішіндегі шіріктерді анықтау маманы Болат Әмірғалиев, жерді қашықтықтан зондтау маманы Мұрат Шарипов сияқты білікті мамандар тренерлік жаттығулар өткізіп, жұмысқа бағыт-бағдар беруде.

✅ «Басты мақсат – мамандарды оқытумен қатар, жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи озық әдістері, мобильдік бағдарламалар мен құрал-жабдықтарды қолдану арқылы Алматы қаласының жасыл желектерінің сапалық жай-күйін объектвті анықтау, белгіленген іс-шараларды жоғары деңгейде жүргізу. Бұл дендрологиялық жоспарды жүзеге асыру бойынша «Алматы Басжоспар» ғылыми-зерттеу институты мен Реестр ақпараттық жүйесіне мәліметтерді енгізетін «Eco Almaty» ЖШС осы жобадағы әріптестеріміз ретінде бізбен бірге жұмыс істейді» - дейді Талғат Кертешев.

✅ KazNARU басшылығы өз тарапынан Жобалық офистің жұмысына қажетті барлық техникалық жабдықтар – заманауи өлшеуіш аппараттар, дрондар, компьютерлік және офистік құралдар, көлікпен қамтамасыз етіп, қажетті жағдайларды толық жасап отыр.

✅ Университеттің ғалым-зертетушілері мен командадағы мамандары Жобада белгіленген жұмыстарды дер кезінде және сапалы орындайтынына сенімді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник