СҮЙІНШІ...! KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАЙҚАУДА АЛТЫН ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ
2025 жылдың 5–8 шілде аралығында Алматы қаласында өткен “China International College Students’ Innovation Competition - Central Asia Regional Finals” халықаралық байқауында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің PLANTARI командасы Алтын жүлдеге ие болды.
Бүгін KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректор, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының атынан оқу ордамыздың әлемдік деңгейдегі беделін арттыруға қосқан үлесі үшін, университет басшысының бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы жүлдегерлерді арнайы құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.
Аталған дүбірлі байқауға Орта Азияның 82 университетінен 261 жоба ұсынылды. Финалдық кезеңде 25 жоба іріктеліп, әділқазылар шешімімен олардың 12-сі Алтын жүлдеге лайық деп танылды.
Халықаралық байқаудағы бұл айтулы жеңіс – KazNARU білім алушыларының жоғары дайындық деңгейін және ғылыми-инновациялық әлеуетін айқын көрсетті.
PLANTARI командасы «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің магистранттары мен бакалавр студенттерінен құралған. Команда мүшелері:
Абдрахманова Айгерім.
Тәжі Нұрай.
Көшкінбай Махаббат.
Іскендір Шұғыла.
Студенттер «Modern Technologies for Hydroponic Cultivation of Flowering Plants» атты ғылыми-инновациялық жобаларын ағылшын тілінде сәтті қорғап шықты. Олар ауыл шаруашылығына арналған экологиялық таза және ресурсты үнемдейтін өсімдік өсіру жүйесін ұсынды.
Жетекшілері – "Өсімдіктер биотехнологиясы орталығының" жетекшісі Қасен Қуаныш, "Ауыл шаруашылық өнімдерінің қауіпсіздігі және сапасы орталығының" жетекшісі Ниязбекова Жаннұр және «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының аға оқытушысы Нұрлаби Айнұр.
Алтын жүлде иеленген PLANTARI командасы енді Қытайда өтетін халықаралық финалдық кезеңде Қазақстанның атынан сайысқа қатысатын болады.
Халықаралық деңгейде университет абыройын асқақтатқан жас зерттеушілеріміз бен олардың жетекші ұстаздарын мерейлі жеңістерімен құттықтаймыз және әрқашан жетістіктер тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі