KazNARU мен ТҮРКИЯНЫҢ АҚДЕНИЗ және ХАДЖЕТТЕПЕ УНИВЕРСИТЕТТЕРІІНІҢ ӨКІЛДЕРІ КЕЗДЕСТІ
Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбаасары, в.ғ.д,, профессор Пірімқұл Ибрагимов Түркияның Ақдениз Университетінің ауыл шаруашылығы факультетінің деканы, профессор Мұстафа Еркан мен Хаджеттепе Университетінің медицина факультетінің деканы, профессор Тұран Чивтчимен кездесті.
Кездесудің мақсаты – Қазақстан мен Түркия университеттері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын қабылдау және ғылыми алмасулар мен зерттеулер жүргізуді талқылау.
Пірімқұл Ибрагимов университеттің материалдық-техникалық базасы жаңғырғанын, білім мен ғылымды дамыту, агрокешен үшін білікті кадрлар даярлау барысындағы игілікті істердің қолға алынып жатқандығын атап өтті.
«Ғылыми-зерттеу мен жоғары білім берудің біртұтас жүйесін құрған бізде соңғы жылдары көптеген – су ресурстарын басқару, дрондарды үйрену, агрономия, ветеринария, зооинженерия, азық-түлік қауіпсіздігінің технологиясы мамандарын дайындайтын түрлі халықаралық орталықтар мен зертханалар ашылды. Заманауи жаңа деңгейге көтерілген университетіміз QS World University Rankings 2025 рейтингісінде Қазақстанның үздік ТОП-5 және үш негізгі көрсеткіш бойынша әлемнің 500, ал жалпы алғанда 700-ші жетекші университеті қатарына еніп отыр. Әлемнің 190-ға жуық университеттері мен ғылыми ұйымдарымен ынтымақтаса жұмыс істейміз. Енді солардың қатарынан сіздердің университеттерді де көретінімізге сенімдіміз» - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Өз кезегінде профессорлар Мұстафа Еркан мен Тұран Чивтчи жоғары білім беру, ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығындағы инновацияларды бірлесе пайдалану, ғылыми зерттеулер жүргізу, мамандар мен ғалымдардың тәжірибе алмасуы сияқты мәселелерді талқылауға дайын екендіктерін білдірді.
Қонақтардың айтуынша, 1985 жылы құрылған Ақдениз университеті Анталья қаласында орналасқан. Оқу ордасындағы 24 факультетте 70 мыңдай студент білім алады. Одан басқа құрамында 7 салалық институт, 12 арнайы мектеп, 54 зерттеу орталықтары бар. Times Higher Education World University Rankings рейтингінде «Ең көп шетелдік студенттері бар университеттер» санатындағы Түркияның мемлекеттік үздік университеті болып табылады.
Хаджеттепе Университетінің құрылуы 1954 жылы 2 ақпанда Анкара университетінің медицина факультетінде балалар денсаулығы кафедрасынан бастау алады. Осында 1958 жылы Хаджеттепе балалар денсаулығы институты құрылды. Ал 1967 жылы Хаджеттепе университеті құрылды. Бүгінгі таңда оқу ордасының құрамына 16 факультет, 15 институт, 4 кәсіптік мектеп, 2 жоғары мектеп, 1 консерватория және 98 ғылыми-қолданбалы орталық кіреді.
Кездесу өзара ашық және түсіністік жағдайда өтті. Қонақтар ортақ білім беру және ғылым саласындағы бірлескен ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы ұсыныстарға қолдау көрсетіп, алдағы уақытта университеттердің басшылықтарымен бірге нақты шешімдер қабылдауға қызығушылық танытты.
KazNARU Баспасөз қызметі