KazNARU

KazNARU ТҮЛЕКТЕРІ: МЕДИЦИНА АДАМДЫ, ВЕТЕРИНАРИЯ АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙДІ

2025 жылдың 04 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің бітіруші түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсімі жалғасты.

✅ Жиынды құттықтау сөзбен ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимовтың айтуы бойынша, бұл күнде елімізде 7 мыңға жуық ветеринария мамандарының тапшылығы қатты сезіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ветеринария мамандарын даярлайтын бірден-бір жетекші оқу орны – KazNARU «Ветеринария және зооинженерия» факультеті.

✅ «Сонау 1929 жылдан бастау алатын факультетте қазір үш деңгейде мамандар дайындалады: бакалавриат, магистратура және докторантура. Өткен ғасырдың соңында Алматыдағы «Зоовет институты» атанған оқу ордасының даңқы қалай дәуірлегені халықтың әлі есінде. Өзім де осы факультеттің түлегі екенімді мақтаныш тұтамын. 39 жыл бұрын оқуды сәтті бітіріп, диплом алып қуанған сәтімізді де ұмытпаймын. Біздің түлектеріміз бүгінде Парламентте, басқару органдарында, агорөндіріс, кәсіпорындар, бизнес пен шаруашылық салаларында абыройлы еңбек етіп келеді. Енді міне, сол аға буын салған игі дәстүрді сіздер жалғастырып отырсыздар. Түлектеріміз Жаңа Қазақстанның экономикасын, отандық ауыл шаруашылық секторын дамытуға бар күш-жігерін арнайды деп сенемін. Жас маман ретіндегі алғашқы қадамдарыңызға ақ жол тілеймін. Бүгінгі мерейлі сәтке ортақтасып келіп отырған ата-аналарға да қуаныштарыңыз құтты болсын демекпін» - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ KazNARU көптеген білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларын жетілдіру арқылы заманауи көшбасшы жоғары оқу орнына айналды. Нәтижесінде QS Халықаралық рейтингісінде еліміздегі үздік ТОП-5 және үш негізгі көрсеткіш бойынша әлемнің 500 жетекші университеті қатарына еніп отыр. Сондай-ақ, 2025 жылы «IQAA – Ranking» Ұлттық рейтингісі бойынша Қазақстанның техникалық ЖОО арасында жетекші университет ретінде көш бастады.

✅ Оқу ордамыз ветеринария мамандарын дайындау процесінде АҚШ, Қытай, Еуропаның жетекші оқу орындарымен бәсекеге қабілетті ветеринарлар мен биоинженерия мамандарын даярлау мәселесінде жақсы ынтымақтастық орнатқан. 2024-2025 оқу жылында KazNARU-ды 1368 білім алушы бітіргелі отыр, оның ішінде 1225 студент, 98 магистрант және 45 докторант бар.

✅ Ал заманауи білім беру бағдарламалары аясында оқыған «Ветеринария және Зооинженерия» факультетін 293 білім алушы аяқтап, оның ішінде 12 студент үздік нұсқадағы диплом иегері атанып отыр. Бүкіл ауыл шараушылығының күре тамыры саналатын мал шаруашылығындағы жан-жануарлардың ауруын емдейтін де, әртүрлі аурудың алдын алатын да ерекше маман иелері – ветеринарлар.

✅ Акт залындағы салтанат төрінде KazNARU Басқарма Төрағасының орынбасары - Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов, Басқарма мүшесі – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, Академиялық мәселелер жөніндегі директор, в.ғ.к., қауымдастырылған профессор Гүлмира Алпысбаева, Алматы қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының "Алматы ветеринарлық қызметі" КМК жетекшісі Қанат Кәкен, "AllVet" ветеринариялық клиникасының директоры Әйгерім Исмаилова, «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің деканы, PhD, қаумдастырылған профессор Асылбек Мусоев, «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі а.ш.ғ.к., профессор Бейбіт Құлатаев, «Микробиология, вирусология және иммунология» кафедрасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Жұмагүл Киркимбаева, «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің профессоры, в.ғ.д. Мардан Жоланов түлектерді құттықтады.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының атынан үздік бітіруші түлектерге Алғыс хаттар тапсырылды. Сондай-ақ, жас мамандарға «запастағы лейтенант» әскери шені туралы куәліктер қоса берілді.

✅ Университет бітірген барлық түлектерді қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймыз және жаңа өмір жолында кәсіби табыстар тілейміз!

KazNARU Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник