KazNARU СТУДЕНТТЕРІ МЕН АТА-АНАЛАРДЫҢ ҚУАНЫШТЫ СӘТТЕРІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің бакалавриат бітіруші түлектеріне слтанатты диплом тапсыру рәсімі жалғасты.
KazNARU Басқарма Төрағасының орынбасары - Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов өзінің құттықтау сөзінде агросала үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келе жатқан қара шаңырақтың әлемдік 190-нан астам жетекші университеттерімен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық байланысы орнатқанын атап өтті.
KazNARU көптеген білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларын жетілдіру арқылы заманауи көшбасшы жоғары оқу орнына айналды. Нәтижесінде QS Халықаралық рейтингісінде еліміздегі үздік ТОП-5 және үш негізгі көрсеткіш бойынша әлемнің 500 жетекші университеті қатарына еніп отыр. Сондай-ақ, 2025 жылы «IQAA – Ranking» Ұлттық рейтингісі бойынша Қазақстанның техникалық ЖОО арасында жетекші университет ретінде көш бастап келеді.
«Туған университетіміздің халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетуіне, озық оқу орны атануына – білім игеру саласында қосқан сіздердің үлестеріңіз де зор. Осында алған білімдеріңізді келешекте ел игілігін дамытуға жұмсап, жаңа белестерді бағындырады деп сенемін. Бүгінгі күн студенттерміз үшін ғана емес, олардың ата-аналары мен ұстаз-оқытушылар үшін де үлкен қуанышты күн! Сіздер отандық аграрлық саланы толықтырып отырған білікті де, бәсекеге қабілетті жас мамансыздар. Баршаңызға ақ жол, сәттілік тілеймін!» - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Еске сала кетейік, биылғы 2024-2025 оқу жылында KazNARU-ды 1368 білім алушы бітіргелі отыр, оның ішінде 1225 студент, 98 магистрант және 45 докторант бар.
Олардың ішінде «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінде бакалавриат бойынша 6 білім беру бағдарламасында 397 түлек шықты, оның ішінде 36 үздік диплом иегері шығып отыр. Факультет жерді қорғау, жерге орналастыру және жер кадастры, орман ресурстары және орман шаруашылығы, ағаш өңдеу негіздері, аңшылықтану және балық шаруашылығы, жер ресурстары және кадастр, ландшафтық дизайн және көгалдандыру, акваөсіруді дамыту және су биологиялық ресурстарын басқару саласындағы білікті мамандарды даярлайды.
Төрт жылғы қиындығы мен ізденісі мол оқуды бітіріп, терең білімді игеріп, үлкен өмірге жолдама алған диплом иелерінің қуанышына университет басшылары, профессор-оқытушылар мен ұстаздары, ата-аналар мен достары ортақтасты. Сонымен қатар, бір топ бітіруші түлектерге «запастағы лейтенант» әскери шені қоса тапсырылды.
Акт залындағы салтанат төрінде KazNARU Басқарма мүшесі – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, Академиялық мәселелер жөніндегі директор, в.ғ.к., қауымдастырылған профессор Гүлмира Алпысбаева, АШМ Республикалық орман селекциялық-тұқымдық орталықтың «Оңтүстік-Шығыс өңірлік» филиалының өкілі Болат Сатимбаев, «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің Дани Сарсекова және ұстаздар мен ата-аналар құттықтап, жас мамандарға ақ тілектерін білдірді.
Дипломдарыңыз құтты болсын, қымбатты жас түлектер!
KazNARU Баспасөз қызметі