KazNARU

KazNARU ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАПСЫРЫЛДЫ

✅ 2025 жылдың 30 маусымында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бакалавриат бітіруші түлетктеріне слтанатты диплом тапсыру рәсімі болып өтті.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі таңда кез-келген мемлекеттің экономикалық өсуі – бәсекеге қабілетті мамандардың елді дамытуға қосқан үлесі арқылы анықталатынын айта отырып, осы бағытта аграрлық саладағы жетекші университет өз миссиясын адал атқарып келе жатқанын атап өтті.

✅ Бүгінде KazNARU әлемнің 190-нан астам жетекші университеттерімен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық байланысын кеңейтіп келеді. Біздің негізгі серіктестеріміз – Небраска-Линкольн университеті (АҚШ), Вагенинген университеті (Нидерланды), АгроПарижТех (Франция), Қытай ауылшаруашылық университеті, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты» Ұлттық зерттеу университетімен бірлесе білікті кадрлар даярлануда.

✅ KazNARU көптеген білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларын жетілдіру арқылы заманауи көшбасшы жоғары оқу орнына айналды. Нәтижесінде QS Халықаралық рейтингісінде еліміздегі үздік ТОП-5 және үш негізгі көрсеткіш бойынша әлемнің 500 жетекші университеті қатарына еніп отыр. Сондай-ақ, 2025 жылы «IQAA – Ranking» Ұлттық рейтингісі бойынша Қазақстанның техникалық ЖОО арасында жетекші университет ретінде көш бастады.

✅ «Бүгінгі күн – түлектеріміз бен олардың ата-аналары, ұстаз ғалымдардың ғана мерекесі емес, бұл бүкіл отандық жоғары білім беру жүйесіндегі салтанатты сәт! Еліміздің аграрлық саласы өздеріңіз сияқты бәсекеге қабілетті, заманауи білім-ғылымды меңгерген жас мамандармен толығып отыр. Мен де осы қара шаңырақтың аграномия факультетінің түлегі екенімді мақтаныш тұтамын. Өмірдегі, ғылымдағы және мемлекеттік басқару саласындағы барлық қызметтік жетістіктеріме – осында алған білімімнің арқасында қол жеткіздім деп санаймын. Кешегі студент бүгін міне, университет ректоры ретінде өздеріңізге сәт сапар тілеймін. Ертең сіздердің де орталарыңыздан университет ректоры, өндірістің мықты басшылары, министрлер, депутаттар, кәсіпкерлер мен бизнесмендер шығатынына кәміл сенемін. Туған университетіміздің халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетуіне, озық оқу орны атануына – білім игеру саласында қосқан сіздердің үлестеріңіз де ерекше. Осы алған білімдеріңізді келешекте ел игілігін дамытуға жұмсап, университет абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындырады деп сенемін. Ақ жол сіздерге!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Биылғы 2024-2025 оқу жылында KazNARU-ды 1368 білім алушы бітіргелі отыр, оның ішінде 1225 студент, 98 магистрант және 45 докторант бар. Олардың ішінде еліміздің әр өңірінен келіп, білім алған 94 бакалавр оқуды үздік дипломмен аяқтады. Бүгінгі салтанатты кештің рәсімін алғашқы болып, университеттің «Агробиология» мен «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің бітіруші түлектері бастады.

✅ Ұлы Абай «Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай пайдалы іске жаратар едім» деген еді әйгілі қара сөзінде. Төрт жылғы қиындығы мен ізденісі мол оқуды бітіріп, терең білімді игеріп, үлкен өмірге жолдама алған диплом иелерінің қуанышына университет басшылары, профессор-оқытушылар мен ұстаздары, ата-аналар мен достары ортақтасты. Сонымен қатар, бір топ бітіруші түлектерге «запастағы лейтенант» әскери шені қоса тапсырылды.

✅ Акт залындағы салтанат төрінде KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов, Басқарма мүшесі – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, Академиялық мәселелер жөніндегі директор, в.ғ.к., қауымдастырылған профессор Гүлмира Алпысбаева, «Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абилдаев, «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина, Әскери кафедраның бастығы, полковник Еркін Әділбеков және басқа ұстаздар мен ата-аналар құттықтап, жас мамандарға ақ тілектерін білдірді.

✅ Алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын, қымбатты жас түлектер! Әрқашан ақ жол сіздерге!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник