KazNARU ТҮЛЕКТЕРІ 40 ЖЫЛДЫҚ КЕЗДЕСУДЕ БАС ҚОСТЫ
Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бұрынғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының «Зооинженерлік» факультетін 1985 жылы бітірген түлектердің салтанатты кездесуі болып өтті.
Қонақтарды KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбаасары, в.ғ.д,, профессор Пірімқұл Ибрагимов құттықтап, университеттің кешегісі мен бүгінгісін салыстыра отырып, оқу ордасының материалдық-техникалық базасы жаңғырғанын, білім мен ғылымды дамыту, агрокешен үшін білікті кадрлар даярлау барысындағы игілікті істердің қолға алынып жатқандығын атап өтті.
Әр мемлекеттің өркениеті – оның білімі мен ғылымының дамуына байланысты. Жаңа заман талаптарына сай Университетіміздің 2029 жылға дейінгі Даму бағдарламасы қабылданды. Ғылыми-зерттеу мен жоғары білім берудің біртұтас жүйесін құру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалынды. «Ғылым – білім – өндіріс жүйесі» негізінде KazNARU + 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, сапалы зерттеу университетінің жаңа деңгейіне көтерілді.
«Мұндай ауқымды бетбұрыстар университет тарихында соңғы үш жылда алғаш рет болып отыр. Нәтижесінде QS World University Rankings 2026 рейтингісінде Қазақстанның үздік ТОП-5 және үш негізгі көрсеткіш бойынша әлемнің 500 жетекші университеті қатарына еніп отырмыз. Бұның бәрі университет ұжымының ортақ жетістіктері. Сіздер хабардар болсын деп айтып отырмын. Ендігі кезеңде балаларыңыз бен немерелеріңізді бізге жоғары білім алуға жіберіңіздер. Өздеріңіз білім алған қара шаңырақтың жаңаша қадамына осылайша қолдау көрсетіңіздер. Мерейлі кездесулеріңіз құтты болсын!», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Бүгінде 1985 жылы бітірген түлектер қатарында танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент және облыс, аудандық мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері, ғылым докторлары мен ауыл шаруашылығы мамандары бар.
Университет түлектері – ҚР Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісінің орынбасары Ержан Көшкінов, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы мен бөлім басшылары: Ерлан Нұрғанов, Жолдас Ибрашев, “Щучинский” шипажайының директоры Бейсенбек Досжанов, ауыл әкімдері Қайырғали Шманов, Оразхан Ермаханов, ғылым кандидаттары Асқар Смағұлов, Ғазиз Әлімжанов, Колледж директорының орынбасарлары Бауыржан Ермұханов, Ержан Алибаев
т.б. азаматтар өздерін оқытқан ұстаздарын сағынышпен еске алып, естеліктерімен бөлісті. Бітіруші түлектер Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды, аудиторияларда болып, естелік суретке түсті.
Салтанатты кеш соңында кездесуге қатысушылар жылы қарсы алып, қолдау білдіргені үшін университет басшылығына алғыс лебіздерін білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі
Видеоға сілтеме: https://www.facebook.com/kaz.naru.2025/videos/1232468068362341