KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «ЖАСЫЛ ЕЛ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫНДА
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттері еліміздегі «Жасыл Ел» жалпыұлттық жобасының жаңа еңбек маусымына қатыса жүріп, жазғы каникулда әрі еңбек етіп, әрі көңілді демалып жүр.
«Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған «Жасыл ел» жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламаның бірі. Осы жобада белсенділік танытып жүрген біздің студенттеріміз оқу ордамызды абаттандыруға қатысып, сүйікті қаламыз Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосуда. Жаз бойы жастар табыс тауып қана қоймай, тәжірибе жинайды, өз қабілеттерін ұштайды, өмір сүруге қатысты жаңа мүмкіндіктерді ашады» - дейді KazNARU жастар ісі жөніндегі жетекші Әшірәлі Сманов.
KazNARU студенттері бүгінде өздері оқитын оқу ғимараттары мен жатақханалардың маңайын, гүлзар бақтарды, орталық стадион мен тәжірибелік саябақтарды, жол жиектерін тазартып, ағаштарды күтіп-баптау үстінде.
Басты мақсат – студент жастар арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, қасиетті оқу ордамыздың инфрақұрылымдарына ұқыпты қарау құндылығын қалыптастыру, тазалықты сақтау жөніндегі ізгі бастамаларды қолдау екенін «Жасыл Ел» командасындағылар жақсы түсінеді.
Сондай-ақ, студенттер өздерін маусымдық жұмысқа орналастырып, жоба шеңберінде еңбекақы төлеп, жайлы жатақхана мен әлеуметтік жағдай жасап отырған университет басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
KazNARU Баспасөз қызметі