KazNARU мен ШАНЬДУН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫ АКАДЕМИЯСЫ (ҚХР) ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
2025 жылдың 16 маусымында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы ҚХР-дың Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының өкілдерімен кездесіп, жоғары білім, ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығындағы инновацияны интеграциялау мәселелерін талқылады.
Делегацияны Шаньдун провинциясының Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының «Мал шаруашылығы және ветеринария» институтының генетика, қой өсіру және азықтандыру инновациялары тобының бас сарапшысы, ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инновациялық командасының тәртіптік тобының жетекшісі Тянь Кэ Чуань бастап келді. Сонымен қатар, делегация құрамында «Мал шаруашылығы және ветеринария» институтының профессорлары Люй Гуйфэнь, Чжан Гопин, Чэнь Вэй сияқты бірнеше белгілі ғалым-мамандар бар.
Кездесуді ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың Бірінші орынбасары, в.ғ.д. Пірімқұл Ибрагимов қонақтарға аграрлық ғылым мен білімнің көшбасшысы атанған оқу ордасының стратегиялық мақсаттары туралы ақпаратпен таныстырып өтті.
Бұл бағытта KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының бастамасымен бірқатар бірлескен ғылыми-инновациялық бастамалар табысты жүзеге асырылып келеді.
● KazNARU мен Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы арасында бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер жүргізу, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету туралы Меморандум қабылданды.
●Қытай аграрлық университеті және «DAYU Irrigation Group» компаниясымен бірлесіп – құрғақ аймақтарда су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасы;
●Ланьчжоу университетімен – Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы;
●Хэнань ауылшаруашылық университеті және Qianlian Landscape Design Engineering Co қолдауымен – агротехнологиялар және ландшафтық сәулет бойынша Қазақстан-Қытай халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы;
●Солтүстік-Батыс ауылшаруашылық және орман шаруашылығы университетімен (Northwest A&F University) – Қытай-Қазақстан ғылыми-технологиялық демонстрациялық паркі іске қосылды.
«Қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Қытай мемлекетінің басқа да 40-тан астам жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелерімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Соның бірі – Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Республикалық қой шаруашылығы палатасы арасында қой және ешкі генетикалық ресурстарын бағалаудың бірлескен орталығын құру жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Бүгін біз осы маңызды құжатты нақты іске асыру кезеңіне нық қадам жасап отырмыз» – деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Бұдан ары П.Ибрагимов ауыл шаруашылығы және агротехнологиялар, жасанды интеллекті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен ветеринария, биотехнология және жасыл экономика сияқты басым бағыттарда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
●Харбин ветеринариялық зерттеу институтымен – жануарлар ауруларының алдын алу және ветеринариялық бақылау бойынша Қазақстан-Қытай инновациялар мен технологиялар трансфері платформасы;
●Хэнань ауылшаруашылық университетімен – халықаралық Қазақстан-Қытай бірлескен ветеринариялық медицина және азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы;
●Ланьчжоу ветеринариялық зерттеу институтымен (LVRI) – жануарлар ауруларын алдын алу, эпидемиологиялық мониторинг және диагностикалық құралдарды әзірлеу жөніндегі бірлескен ғылыми-зерттеу орталығы;
●«One Health» тұжырымдамасына негізделген заманауи зертханалық база құру сияқты маңызды жобалар университет ғалымдарының қатысуымен іске асыру жоспарлануда.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Тынышбай Досымбеков өз сөзінде аграрлық секторды жаңғыртуға үлес қосу, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту, дәнді дақылдар сорттарын жаңғырту, жаңа буыннның бәсекеге қабілетті мамандарын даярлау, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобаларды іске асыру сияқты бастамаларға тоқталды.
«Біздің елімізде қазіргі таңда 20 млн аса қой бар. Қой тұқымын асылдандыру, селекция мәселесіне ғылыми озық әдістерді енгізу, ет өнімдерін өңдеу, цифрлық ауыл шаруашылығын қалыптастыру, су ресурстарын басқару, климаттық өзгерістерге бейімделу сияқты жобалар екі елдің ғылыми әлеуетін біріктіретін нақты қадам болмақ. Бүгінгі кездесу – сол сенімді серіктестіктің жаңа, сапалы кезеңіне жол ашары сөзсіз» - деді Тынышбай Досымбекұлы.
Өз кезегінде делегация жетекшісі Тянь Кэ Чуань Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы – әлемнің 65 ғылыми ұйымымен тығыз байланыс орнатқан Қытайдың аса беделді және алдыңғы қатарлы ғылыми мекеме екендігін атап өтті.
Шаньдун – Қазақстанмен сауда көлемі бойынша ШҰАР, Пекин және Ганьсу провинцияларынан кейінгі төртінші провинция болып табылады. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы 2 млрд долларды құрады.
«Біз алдағы уақытта KazNARU базасында құрылуға тиісті бірлескен орталық арқылы озық қытай технологияларына бағдарлануын күшейтуге, технологиялар мен инновацияларды енгізуге мүдделіміз. Оның ішінде, қой мен ешкінің генетикалық ресурстарын сақтау, асылдандыру, жаңа биотехнологияларды енгізу және өңірлік ғылыми кадрлар даярлау бағыттарында нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілетініне нық сенімдіміз. Сонымен қатар, селекция және бастапқы тұқым шаруашылығы, топырақтану және агрохимия, суыққа төзімді қарабас қойдың тұқымын, сүтті сиырлар тұқымын асылдандуру мәселесін бірлесе қолға алуды көздеп отырмыз. Ортақ ісімізге сәттілік тілеймін» - деді Тянь Кэ Чуань мырза.
Кездесу аясында ҚХР делегациясы KazNARU ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысымен танысып, өте жылы қабылдау көрсеткені үшін университет басшылығына өз алғыстарын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі