KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «БАЙСЕРКЕ-АГРО» ХОЛДИНГІНДЕ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ
KazNARU «Аграрлық техника және машина жасау» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Әділхан Ниязбаев пен Қабдырахим Қалымның жетекшілігімен 6В08701 – «Аграрлық техника және технология», 6В08703 – «Агроөнеркәсіптік кешеніндегі цифрлық технологиялар» білім беру бағдарламалары бойынша оқитын 22 студент «Байсерке-Агро» ЖШС базасында өндірістік тәжірибеден өтуде.
Алматы облысы Іле ауданында орналасқан «Байсерке-Агро» – Қазақстан нарығында 20 жылдан астам табысты жұмыс істеп келе жатқан, өсімдік және мал шаруашылығын, тұқым шаруашылығын, өнім өндіруді, агроинженерлік саладағы инновациялық жаңалықтарды жүзеге асыратын көпсалалы агрохолдинг. Еншісіндегі 5 мың га егістік алқабында 200-дей қызметкер еңбек етеді.
Агрохолдинг көп жылдардан бері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен жасалған ұзақ мерзімді Меморандум негізінде ынтымақтаса жұмыс істейді. 650 га алаңда университетпен бірлескен «Демонстрациялық учаскесі» құрылған, онда әлемдік деңгейдегі жаңа техника мен технологияларды қолдана отырып, тәжірибелік-эксперименттік зерттеулер жүргізіледі.
Сондай-ақ, "Байсерке-Агро" агрохолдингінде студенттерге ауыл шаруашылығының барлық бағыттары бойынша өндірістік практикадан өту үшін барлық жағдайлар жасалған.
«Өндірістік тәжірибе барысында студенттер тек жоғары оқу орнында алған теориялық білімдерін тәжірибеде бекітіп қана қоймай, нақты өндірістік процестерге тікелей араласып, агроөнеркәсіптік кешеннің жұмысын терең меңгеруде. Оның ішінде агротехникалық қызмет көрсетудің, заманауи ауылшаруашылық машиналары мен технологияларының, автоматтандырылған басқару жүйелерінің, сонымен қатар цифрлық мониторинг құралдарының жұмыс істеу принциптерімен танысуда» - деп атап өтті топ жетекшісі Әділхан Ниязбаев.
Егін және мал шаруашылығы, агроинженерлік саладағы алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды көзбен көріп, тәжірибеде қолдану мүмкіндігі – студенттердің кәсіби біліктіліктерін арттыра отырып, болашақ маман ретінде қалыптасуына зор ықпал етері анық дейді мамандар.
KazNARU Баспасөз қызметі