Әділдікті қалпына келтіру – басты талап
«Көтерілген мәселе бойынша осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекеттік орган нақты шешім қабылдаған емес», – дейді мәжілісімен Ерлан Саиров.
2025 жылдың 10 маусым күні Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі жиыны өтті. Шара барысында ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасының активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды.
Жиынға Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Кеңес мүшелері, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, университет профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
«2000-шы жылдардың басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мемлекеттің және осы оқу ордасының меншігі талан-таражға түскен. Атап айтқанда, университеттің 3 жатақханасы, 5 лабораториялық ірі нысаны және бірқатар шаруашылық мақсаттағы жер учаскесі жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық әрекеті тұрғаны анық. Бүгінде «AMANAT» партиясының атсалысуымен Бас прокуратураның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, осы жылдар аралығында меншіктер бірнеше рет басқа тұлғалардың қолына өтіп кетті. Осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекеттік орган нақты шешім қабылдаған емес. Соған қарамастан, әділдік қалпына келуі керек деп ойлаймын. Заңсыз жекешеленген барлық материалдық игіліктер мемлекетке қайтарылуы қажет. Бұған жол берген азаматтар құқықтық жауапкершілікке тартылуға тиіс», – деді Ерлан Саиров өз сөзінде.
Атап айтқанда, Алматы қаласының прокуратурасы университет мүлкін заңсыз иеліктен шығару фактілерін анықтады. Оның ішінде Абай даңғылы 8 мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 9051 ш. м. (0,9051 га) ғимараттар, гараждары бар жер учаскесі, оқу сыныптары, гараж шаруашылығының әкімшілік ғимараты; ауданы 306.9 ш.м. болатын Литер «Ф», ауданы 629.1 ш.м. Литер «Ц», ауданы 306.3 ш. м., Литер «Ч», ауданы 91.7 ш.м. Литер «Ш» сияқты аяқталмаған құрылыс объектісімен бірге жекешеленіп кеткен. Кейіннен «Ирида ИНВЕСТ» ЖШС Абай даңғылы 8 мекен-жайында орналасқан жер учаскесінің бір бөлігін «РАМС-Қазақстан» ЖШС-не көп пәтерлі тұрғын үй салу үшін беріп жіберген.
Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың араласуымен көп пәтерлі тұрғын үй салу үшін басталған құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды.
«Болашақ ұрпақтың игілігіне тиесілі мүлік әділдікпен қайтарылсын. Бұл университет ұжымының және студенттерінің өтініші. Енді өздеріңіз көріп тұрсыздар. Аграрлық университет қалашығының ішіндегі осы жер – кезінде студенттерден тартып алынған жер. Қазір жекеменшікте. Енді бұл жерде алпауыттар үй саламыз дейді. Мынау студенттер тұратын жерде жекеменшік үй салу деген – логикаға сәйкес келмейді. Сондықтан бұл тоқтап тұр. Енді ол жай ғана тоқтап тұрған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мынау котлованның ішіндегі топырақ үгіліп, студенттер тұратын жатақхана мен оқу корпустарына қауіп төндіріп тұр. Сондықтан бұл жердегі мәселе – біз осы техногендік катастрофаны қазір тоқтатуымыз керек. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс комитеті ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ.
Комитеттің азаматтары мына жағдайды бір рет келіп көрген емес. Сонымен бірге, мәселені терең қарастырып шешімдерді қабылдауда, не Бас прокуратура, не министрліктер ешқандай қадам жасамай отыр. Бұл жерде тек қана депутаттар жүр. Енді мен осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокурорына және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне дәл осы жерде мәлімдеме жолдадым” – деді Ерлан Саиров.
Еске сала кетейік, кейінгі екі жылда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, жеке қолға өткен №6 студенттік жатақхана оқу ордасының тұрғын үй қорына қайтарылып, күрделі жөндеуден кейін қосымша 280 студент орынмен қамтамасыз етілді.
Алматы облысы, Талғар ауданы, «Байбұлақ» ауылындағы «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы 50 орындық жатақхана (жер көлемі 1,345 га), ауыл шаруашылық тәжірибелік мақсатындағы 0,11 га жер учаскесі (жанармай станциясы салынып кеткен), ауыл шаруашылық заттарын сақтайтын қойма (жер көлемі 0,0455 га), техникалық құралдарға арналған гараж (жер көлемі 0,08 га) университет менгішігіне қайтарылды. 1973 жылы салынған, соңғы 30 жыл бойы бірде-бір рет жөндеу көрмеген оқу-тәжірибелік шаруашылықтың жатақханасы жақында күрделі жөндеуден өткізіліп, студенттердің пайдалануына берілді.
«AMANAT» партиясы өткізген жиында университеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар ескеріле отырып, студенттері мен оқытушылар тарапынан осы нысандарды салуды мүлде тоқтату және түбегейлі оқу ордасының иелігіне қайтару бағытындағы талаптар қозғалды.
Өз кезегінде, кеңеске қатысқан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы орынбасарының м.а. Серік Набиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов, «AMANAT» партиясы Орталық аппараты партиялық бақылау департаментінің инспекторы Венера Есілбаева, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, «AMANAT» партиясы АҚФ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің мүшесі Нұрлан Сисекенов, Алматы қаласы құрылысын бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев, Алматы қ. қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысының орынбасары Тимур Тұрсбеков өз ұсыныстарымен бөлісті. Олар депутаттың бастамасын қолдай отырып, жеке қолға заңсыз өтіп кеткен университет нысандарына жан-жақты тексеру жүргізуді, заңсыз құрылысты тоқтату шараларын жуық арада жүргізуді қолға алатындарын жеткізді.
Қазіргі таңда бұл өзекті мәселе «AMANAT» партиясының, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бақылауында тұр.
Жанар Дәулетқызы
https://qazaq1913.com/2025/06/11/dildikti-alpyna-keltiru-basty-talap/