KazNARU

Жазғы мектеп «Селекция және биотехнология»

2025 жылдың 2 маусымында «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» және «Биотехнология» білім беру бағдарламалары бойынша INTERNATIONAL SUMMER SCHOOL – 2025 халықаралық жазғы мектебі өз жұмысын бастады. Жазғы мектепке жетекшілік еткен – ҚР ҰҒА академигі Садықұлов Т.С. және биология ғылымдарының докторы, профессор Серікбаева А.Д.

Онлайн конференцияны жазғы мектептің модераторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Адылканова Ш.Р. ашты. Ол өз сөзінде жазғы мектептің миссиясы – мал шаруашылығы мен биотехнология салаларындағы озық технологияларды оқытатын қарқынды курс ұсыну екенін атап өтті. Мектептің мақсаты – ғылыми зерттеулерді дамыту және жетекші ғалымдар мен жас зерттеушілерді халықаралық, пәнаралық кәсіби қауымдастыққа біріктіру болып табылады.

Жазғы мектеп жас ғалымдарға бағытталған және олардың жаңа білім мен дағдыларға ие болуға деген ұмтылысын қолдайды. Бүгінде ҚазҰАЗУ-дың International Summer School-ы ректор Құрышбаев А.К. басшылығымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жазғы мектептің басты ерекшеліктерінің бірі – мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мен биотехнология саласындағы танымал ғалымдар мен жас аграрлық зерттеушілер арасындағы тікелей байланыс орнату.

Мектеп бағдарламасына шетелдік және отандық жетекші ғалымдардың дәрістері мен семинарлары, сондай-ақ шетелдік академиялық журналдарға мақала жазу бойынша шеберлік сыныптары енеді. Қатысушылар әріптестерімен тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығы жануарларының селекциясы мен биотехнологиясы саласындағы білімін тереңдетуге, жеке ғылыми жобаларының әдістемесін нақтылап, жаңа ғылыми бағыттарды айқындауға мүмкіндік алады.

Академик Садықұлов Т.С. өз дәрісінде Қазақстан Республикасындағы қой шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына жан-жақты талдау жасады. Семинар барысында қазіргі қой шаруашылығындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ мал селекциясында заманауи әдістерді қолдану жолдары қарастырылды.

Академик ҚазҰАУ ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының түпкі мақсаты – адамзаттың жаһандық мәселесі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Презентация тыңдаушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қашықтан байланыс технологияларын қолдана отырып, баяндамашы қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шараға 30-дан астам адам – университет қызметкерлері, студенттер, магистранттар, PhD докторанттары мен Қазақстан және ТМД елдерінен келген жас ғалымдар қатысты.

Авторлар: Адылқанова Ш.Р., Баймәжі Е., Валиева Г

---------Chatbot---------
виртуальный помощник