ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ НЫСАНДАРЫ ЗАҢСЫЗ ЖЕКЕМЕНШІККЕ ӨТКЕН
Алматыдағы аграрлық университетке тиесілі нысандар заңсыз жекеменшікке өткен. Бұл қоғам арасында дау туғызуда. Толығырақ тілшіміз Айгерім Есімханның материалында.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне тиесілі болған 3 жатақхана, 5 ірі зертхана және 6 гектар жер заңсыз түрде жекеменшікке өткен. Қазіргі таңда бұл мәселе «AMANAT» партиясының араласуымен Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінің бақылауында.
Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезектен тыс отырысында бұл нысандарды университет меншігіне қайтару және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселелері талқыланды.
ЕРЛАН САИРОВ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ, ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
“Енді өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Осы Аграрлық университеттің студенттік қаласы, қалашығының ішіндегі жер — кезінде студенттерден тартып алынған жер. Қазір жекеменшікте. Енді бұлар үй саламыз дейді. Мынау студенттер тұратын жерде жекеменшік үй салу деген — логикаға сәйкес келмейді. Сондықтан бұл тоқтап тұр. Енді ол жай ғана тоқтап тұрған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мынау котлованның ішіндегі топырақ үгіліп, мына жердегі, мынау студенттер жататын жатақхана мен оқу корпустарына өзінің қауіпін төндіріп тұр. Сондықтан бұл жердегі мәселе — біз осы техногендік катастрофаны қазір тоқтатуымыз керек. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс комитеті ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің жергілікті тұстарын басқару комитеті де ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Бұл жерде тек қана депутаттар жүр. Енді мен осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокурорына және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне дәл осы жерде мәлімдеме жолдадым”.