KazNARU

Ұстазың жақсы болса...

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өткен дәстүрлі Халықаралық жазғы мектеп жұмысының ресми ашылу салтанатына қатысып, «Ұстазың жақсы болса, ақылың көбейеді» деген халық даналығының ақиқат екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Әлемдегі ғылым-білім салаларында жетекші орын алатын АҚШ, Қытай, Ресей, Малайзия, Индонезия, Германия, Польша, Болгария, Румыния, Түркия, Грузия елдерінен, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілес мемлекеттерден бірлескен білім беру бағдарламалары, қос дипломдық бойынша серіктестердің қатысуы бұл шараның атқарар жүгі зор екенін байқатады. Аталған шараға еліміздегі жетекші ғалымдардың да қызығушылық танытуы, студенттер мен оқытушылардың оффлайн және онлайн режимде қатысуы дәстүрлі Халықаралық мектептің берері мол екенін аңғартса керек.

Ашылу салтанатында ауылшаруашылығы мен биоресурстар, ветеринария, энергетика, экономика және ел әлеуетін көтеруге қажетті  басқа да бағыттар бойынша дәрістер өткізілетінін естіп, осы үлкен істі ұйымдастырып отырған әріптестеріміздің еңбегіне разы болдық. Заманауи талаптарға сай жаңаша білім беруді, практикалық дағдыларды қалыптастыруды, жаңа технологияларды меңгертуді, ғылыми зерттеулер жүргізу әдістемелерін үйретуді мақсат еткен ұжымымызға сәттілік тіледік.

Осы жерде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының еңбегі зор екенін айта кеткіміз келеді. Аграрлық саланы дамытудағы күрделі әрі көп қырлы процесті жүзеге асыру барысында осындай тәжірибе алмасудың қажеттілігін университет басшысының көре білуі құптарлық іс.

Университетіміздің халықаралық қауымдастыққа кеңінен таралып, QS рейтингісі бойынша Орта Азияда алтыншы, ал Қазақстандағы ЖОО қатарында бесінші орынды иеленуі университет басшылығы мен ұжымының бірлескен еңбегінің жемісі. Оңтайлы білім беру бағдарламаларымен, әлеуеті зор профессорлық-оқытушылық құрамымен басқа оқу орындарынан ерекшеленетін ғасырға жуық тарихы бар киелі шаңырақты жас талапкерлердің таңдау себебі айқындала түседі.  

Дәстүрлі «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» шарасы көздеген мақсатына жететініне сенімдіміз. Жазғы мектепке қатысушылар қажетті ресурстармен қамтамасыз етіліп, университетіміздің мәртебесі арта түседі, көздеген үдеден шығады деген ойдамыз. Қатысушыларға сәттілік тілейміз!

С.А.Итегулова, Жалпы білім беру пәндері кафедрасының қауымдастырылған профессоры

---------Chatbot---------
виртуальный помощник