KazNARU

KazNARU ЖАС ҒАЛЫМЫНА SHENZHEN UNIVERSITY (ҚХР) АРНАЙЫ ШАҚЫРТУ ЖІБЕРДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Инженерлік технологиялар факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, жас ғалым Боранбаева Тоғжан Кенжетайқызына Шэньчжэнь университетінен (Shenzhen University ҚХР) шақырту хат келді. Онда International Young Scholars Program халықаралық бағдарламасы шеңберінде постдокторант ретінде тағам технологиясы ғылымдары саласында зерттеулерді жалғастыру ұсынылған.

✅ Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ҚХР аумағындағы 40-тан аса ЖОО және ғылыми ұйымдарлармен байланыс орнатып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бірі – осы Шэньчжэнь университеті.

✅ Shenzhen University – Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы жетекші жоғары білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы. 1983 жылы негізі қаланған университет бүгінде қарқынды дамып келеді және әлемнің түкпір-түкпірінен келген білім алушылар көптеген жаңа оқу бағдарламалары аясында оқиды. Заманауи оқу бағдарламаларындағы 100-ден аса бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша агросала, ветеринария, инженерия, ақпараттық технологиялар, тағам өнеркәсібі, бизнес, гуманитарлық ғылымдар, құқық және медицина курстарымен танымал. Сонымен қатар, SZU халықаралық зерттеулер, жаңа технология, жасанды интеллект және ақпараттық жүйелер сияқты бірқатар мамандандырылған бағдарламалар аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, өндіріске енгізуде көш бастап тұрған ЖОО-ның бірі. Шетелдік білім алушылар ағылшын және қытай тілдерінде оқи алады. Оқу ақысы SZU есебінен төленеді.

✅ KazNARU оқытушысы Тоғжан Боранбаева бұған дейін бірқатар шетелдік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып, халықаралық білім беру стандарттарын меңгерген талапты жас ғалымның бірі. Ол оқу-әдістемелік жұмыстар мен ғылыми-зерттеу бағыттарында ақпараттар жариялауда, халықаралық семинар, конференция, академиялық іс-шараларға қатысуда белсенділігімен көзге түсіп жүр.

✅ Шетелдік озық ЖОО-ның шақыртуы – бұл жай ғана жеке жетістік емес, сонымен қатар, барша жас ғалымдарды шабыттандыратын үлгі мотивация. Жас ғалымға көрсетілген үлкен сенім университетіміздің мамандарының ғылымдағы жоғары дайындығының және жаһандық ғылыми ынтымақтастықта мойындалуының жарқын дәлелі!

✅ Тоғжан Кенжетайқызына алдағы постдокторанттық ғылым саласындағы қадамына сәттілік тілейміз және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдіреміз!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник