«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» – АГРОСЕКТОР ҮШІН ТЫҢ СЕРПІЛІСТЕР БАСТАУЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялауына байланысты “Талғар агробизнес және менеджмент” колледжінде “Жылдың ең үздік серіктестері” атты оқу-өндірістік нәтижелерін саралауға арналған, білім мен еңбек нарығы арасындағы тиімді әріптестікті арттыруға бағытталған “RED CARTEL” іс-шарасы болып өтті.
«Еліміздің болашағын ойлаудан туындаған, тұтас қоғамды жұмысшы мамандықтарына жаңаша көзқараспен қарауға үндейтін “Жұмысшы мамандықтар жылы” қазіргі уақытта бүкіл Қазақстан бойынша негізгі назарда тұрған тақырып. Бұл ретте, кәсіптік білім беру аясында жұмысшы мамандығын насихаттау және әлеуметтік серіктестік орнату – бұл білім беру сапасын жетілдіретін негізгі механизм болып отыр» - деді колледж директоры, филология ғылымдарының магистрі Динара Бозымбекова.
Сондықтан, колледждегі осы маңызды іс-шараға Алматы облыстық «Центркредит банк» филиалының директоры Манат Байғонысова, Талғар ауданының Ветеринариялық бөлімінің басшысы Болатбек Әтейбеков, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Ләззат Әлдібаева, Талғар ауданы «Мансап» орталығының басшысы Айбек Рахимбаев, Талғар ауданы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Қалжанов, «Алматы жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мұрат Сапарғалиев, «Royal CARS» – «Toyota city Almaty» ЖШС техникалық қызмет көрсету орталығының директоры Эмиль Урлахер т.б. мемлекеттік және салалық кәсіпорындар өкілдері қатысты.
Ләззат Әлдібаева KazNARU мен “Талғар агробизнес және менеджмент” колледжі арасында жасалған меморандум аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мен дуальды оқыту жүйесін дамытудағы әлеуметтік серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол өзінің қасындағы белсенді насихатшыларымен бірге кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында университеттегі білім беру бағдарламалары туралы тиісті ақпараттар бере отырып, колледж бітірушілерді техникалық және кәсіптік білімді жетілдіру үшін жоғары білім алуға шақырды.
Жиын қортындысында Алматы облысы Білім басқармасының Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру және күрделі жөндеу бөлімінің бас маманы Ербол Жанбиров “Ең үздік әлеуметтік серіктес” сыйлығын біздің университеттің түлегі, бүгінде Талғар ауданының Ветеринариялық бөлімінің басшысы болып істейтін Болатбек Әтейбековке салтанатты түрде табыстады.
Сондай-ақ, «Жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы сұранысқа ие мамандарды кәсіптік даярлау саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту және тереңдету» мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморондум қабылданды.
Бір топ әлеуметтік серіктестерге, кәсіпорын басшылары мен ЖОО өкілдеріне белсенді қолдаулары үшін Алматы облысы Білім басқармасы мен “Талғар агробизнес және менеджмент” колледжінің Алғыс хаттары табыс етілді.
KazNARU Баспасөз қызметі