АБАЙДЫҢ «ТОЛЫҚ АДАМ» ІЛІМІ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЗАМАНАУИ КӨЗҚАРАС» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ
2025 жылғы 23-24 мамырында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Семей қаласында Shakarim University базасында «Абайдың «Толық адам» ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты республикалық форум болып өтті.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бұл форумға республикамыздың 70-тен астам жоғары оқу орнынан 200-ге жуық тәрбие саласының басшылары, жастар саясатының өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» – деп атап көрсеткен болатын.
Форумға қатысып қайтқан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Асима Ералиева республикалық жиынның мән-маңызына тоқталып, Абай ілімінің тұтас ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа негізделгенін атап өтті.
Республикалық Форумда арнайы сөз сөйлеген ҚР ҒжБМ ЖжЖООКБ Комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, Shakarim University ректоры Думан Орынбеков, белгілі абайтанушы ғалымдар – Гүлтас Құрманбай, Әзімхан Исабек, Ақмарал Смағұлова және және т.б. спикерлер Абай мұрасының елдік мүдде мен ұлттық бірліктің көзі ретіндегі маңызы мен жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудағы рөліне жаңаша баға беріп, еліміздің жастарын тәрбелеу барысында Абайдың толық адам қағидасына сүйенудің маңыздылығын түсіндірді.
Форум аясында қатысушылар Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорығы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейін аралап, «Қарагөз» студент-жастар театрының қойылымын тамашалады.
Екінші күні Абайдың туған жеріне экскурсия жасап, Күшікбай асуына аялдап, М.О.Әуезовтің Бөрілідегі музей-үйімен, «Еңлік-Кебек» кесенесімен, Жидебайдағы Абай музей-үйімен және Абай-Шәкәрім кесенелерімен танысты.
Форум шын мәнінде Абайдың «Толық адам» ілімі қазіргі жаһандану заманында кемелденген, терең ойлы, жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыратын стратегиялық модельге айналғанын, қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының іргетасы екендігін дәлелдеген нағыз зияткерлік пікірталас алаңы болуымен есте қалды.
Рухани аса маңызды іс-шараға қатысқан барлық білім беру ұйымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Shakarim University басшылығы тарапынан Форумның жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына ризашылық білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі.