KazNARU мен АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ АЛМАЛЫ АУДАНЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫЛАРЫ КЕЗДЕСТІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Алматы қаласы Алмалы ауданының Білім бөлімінің басшылығы «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытындағы онлайн форматында кездесу өткізді.
Алқалы басқосуға KazNARU проректорлары, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, Алмалы ауданының Білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен профориентологтар, жоғары сынып оқушылары қатысты.
Кездесуді KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы ашып, еліміздегі жетекші университеттің халықаралық стандарттарға сай сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға байланысты бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктеріне тоқталып, кездесуге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«KazNARU бастамасымен қазіргі таңда түрлі облыстар мен қалалардың білім басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен, мектеп және колледж директорларымен кәсіби бағдарды ұйымдастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оқу ордамыздың әр факультеті мен кафедралары, әрбір оқытушысы белгілі бір мектептерге жауапты болып бекітілді. Тұрақты түрде онлайн форматында өткізіліп келе жатқан кәсіби бағдар жұмыстарының тиімділігі өз нәтижесін береді деп сенеміз. Бүгінгі кездесуден кейін университетімізде жоғары білім алғысы келетін талапкерлер қатары толыға түседі деп ойлаймыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Алмалы ауданы Білім бөлімінің басшысы Қойшыбаева Зоя Қашқынбайқызы аудандағы 29 мектепті 1890 оқушы бітіргелі отырғанын айта келіп, олардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында кәсіби бағдар беру жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кездесуде Қабылдау комиссиясының директоры Қайырбаева Айнұр Елтайқызы спикерлік жасап, Халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Абазов Рафис Фанисұлы, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты ҰЗУ Алматы филиалының директоры Бердышев Абдурахим Сулейманұлы, Жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Әшірәлі Сманов және факультет декандары сөз сөйлеп, түлектерді оқуға шақырды.
Сөйлеушілер университеттің заманауи инновацияларды құру және дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы жетістіктері туралы презентация ұсынды. Жиынға қатысқан жоғары сынып оқушылары аграрлық мамандақтардың болашағына қызығушылық танытты.
Кездесу қортындысында университет пен Алмалы ауданы білім бөлімінің басшысы және барлық мектеп директорларының қатысуымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
KazNARU Баспасөз қызметі