KazNARU СПОРТШЫЛАРЫ XIII ЖАЗҒЫ УНИВЕРСИАДАДА БАҚ СЫНАСАДЫ
Түркістан қаласында XIII жазғы Универсиада басталды. Екі жылда бір өтетін додаға еліміздің 76 ЖОО командалары қатысуда. Республикалық дүбірлі жарыста 17 олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері бойынша 800-ден астам медаль мен 104 кубок сарапқа салынады.
Универсиаданың негізгі мақсаты – еліміздегі жоғары оқу орындары студенттері арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, білім алушы жастардың достығы мен ынтымақтастығын нығайту.
Универсиаданың ресми ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен тоғызқұмалақ, үстел теннисі, баскетбол, волейбол, футбол, қазақ күресі, бокс т.б. түрлерінен 68 спортшы бақ сынасатын болады. Талапты жастарымыз осы спорт түрлерінің бәрімен айналысады және түрлі қалалық, республикалық бәсекелерде топ жарып жүр.
«KazNARU басшылығы осы жас спортшыларымыздың республикалық жарысқа қатысуына барлық жағдайды жасап, қолдау көрсетіп отыр. Студенттерді білім беру мен спортқа баулудағы жоғары белсенділігі үшін ұйымдастырушылар тарапынан университет Басқарма Төрағасы – Ректорымыз Ақылбек Күрішбаев Алғыс хатпен марапатталды. Бұл бәріміз үшін үлкен абырой және сенім» - деді Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к. Меруерт Тұяқбаева.
Алдағы 14-маусымға дейін жалғасатын дүбірлі додаға қатысып, университет намысын қорғайтын барлық үміткерлерімізге сәттілік тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі