KazNARU ОҚЫТУШЫСЫ NORTHEAST NORMAL UNIVERSITY ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің “Ветеринария және Зооинженерия” факультеті «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының ассистенті Айдар Мұхаметқалиев 2025 жылғы 28 сәуір мен 18 мамыр аралығында Қытай Халық Республикасындағы Чанчунь, Бейжің және Шанхай қалаларында Northeast Normal University ұйымдастыруымен өткен “Бір белдеу – бір жол” бастамасына қатысушы елдердің университет оқытушыларына арналған халықаралық семинарға қатысып қайтты.
Аталған семинар – жоғары білім беру саласындағы заманауи тәсілдер мен жаңа технологияларды меңгеруге бағытталған ірі халықаралық платформа болып табылады. Іс-шара аясында цифрлық трансформацияға көшу, жасанды интеллекті оқу үдерісіне енгізу, білім беру сапасын арттыру, ғылыми ізденістерді өндірісте қолдану бағыттарындағы озық тәжірибелер мен инновациялық әдістемелер талқыланды.
Жас зерттеуші Айдар Мұхаметқалиев семинарға қатысушыларға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің халықыралық ғылыми және білім беру ұйымдарымен, оның ішінде ҚХР аумағындағы 40-тан аса ЖООлармен байланыс орнатып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын жеткізді. Осы ынтымақтастық аясында ауыл шаруашылығы, ветеринария, т.б. бірқатар бағыттарда білім беруді интернационалдандыру, ғылыми әлеуетті нығайту, тәжірибе алмасу сияқты көпжақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілгенін ортаға салды.
Семинар барысында өзге де университеттерден келген жас ғалымдар шетелдік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып, халықаралық білім беру стандарттарын таныстырды. Атап айтқанда, оқу-әдістемелік жұмыстары мен ғылыми-зерттеу бағыттарын интеграциялау; бірлескен ғылыми еңбектер жариялау және басқа да ақпараттар алмасу; семинарлар, конференциялар, шеберлік сабақтарын және академиялық іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыру, көпжақты кәсіби байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Мұндай әлемдік деңгейдегі гуманитарлық іс-шаралар ЖООлардағы жас оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да зор үлес қосатыны анық.
KazNARU Баспасөз қызметі