KazNARU

КӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ НАРИМАН ҚЫПШАҚБАЕВ 90-ЖАСТА

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-ұстаз, су шаруашылығы саласының ардагері, бұрынғы Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаевтың 90 жасқа толу құрметіне орай, «Қалай нағыз гидротехник маман болу керек?» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.

✅ Дөңгелек үстелді ашып, жүргізген KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев оқу ордамызда «Су ресурстары және суды пайдалану» кафедрасында абыройлы еңбек еткен ғалым-ұстаздың отандық су шаруашылығы саласын дамытудағы бастамашыл жаңалықтарын атап өтіп, мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып сый-сияпат көрсетті.

✅ Нариман Қыпшақбаев 1934 жылы 27 мамырда Қостанай облысында дүниеге келген. «Жер мен су – Қазақстанның ең үлкен байлығы. Бұл екі ресурс мәңгілік байлығымыз. Жақсы өмірдің жалғасуы деген осы екеуіне тікелей байланысты. Мен мамандық таңдағанда осыған назар аударып, осы жолды таңдадым» деген ардагер ағамыз Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы иснтитутын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген.

✅ «Нариман Қыпшақбайұлының Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесін туған елі әрқашан ілтипатпен атайтынына куәміз. Қайраткер басшының 1981-1990 жылдары Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарған кезеңдегі нәтижелі жұмыстары әлі күнге дейін ауыл шаруашылығына пайдасын тигізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында Су кодексінің жобасын әзірлеуге жетекшілік етті және Орталық Азия мемлекеттері, Ресей және Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйым құруға үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, Халықаралық Аралды құтқару қорын құруға белсенділікпен атсалысып, су қауіпсіздігін сақтау, су нысандарын қорғау мәселелерінде барлық әріптестеріне үлгі көрсетіп келеді. Тоқсанның төріне шыққан Нариман Қыпшақбайұлына барша ғалым әріптестерінің атынан зор денсаулық, қажырлы күш-қайрат тілейміз!», - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.

✅ «Тіршілік нәрі сумен байланысым бала кезден басталды» деп білетін Нариман ағамыз еңбек жолын Тау Түрген бассейінінде қатардағы гидротехник болып бастап, бүкіл елді мекендерді ауыз сумен қамтитын мемлекеттік деңгейдегі жобаларға жетекшілік етті. Семей облыстық мелиорация және су шаруашылығы басшысы, Мелиорация және су шаруашылығы министрінің орынбасары, министр, Су ресурстары жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы лауазымдарында абыройлы биіктерден көрінді.

✅ Ұзақ жылғы еңбегі үшін «Құрмет» және II дәрежелі «Барыс», «Отан» ордендерімен, көптеген үкіметтік медальдармен марапатталған қайраткердің баянды ғұмыры кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге.

✅ Дөңгелек үстелге «Water HUB» халықаралық зерттеу орталығының директоры Рябцев А.Д., География институтының директоры Медеу А. Р., Ахметсафин атындағы Гидрогеология институтының директоры Абсаметов М.К., МФСА Атқару комитетінің Қазақстандағы филиалының директоры Мухатаев С., Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры Арыстанов М., ПК «Казгипроводхоз» директоры Файзулдин Р. т.б. танымал академиктер, зерттеуші-ғалымдар, белгілі мамандар, бірге қызмет істеген әріптестері мен шәкірттері қатысты.

✅ Бүкіл ел болып атап өтіп жатқан 90 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын, Нариман Қыпшақбайұлы!

KazNARU Баспасөз қызметі