KazNARU

«Мамандығым-мақтанышым»

05.12.2023 жылы «Агробиология» факультетінің өсімдіктерді қорғау және карантин кафедрасының а.-ш.ғ.к., қауым.профессор Раимбекова Бактыгул Тасболатқызының ұйымдастыруымен ЗР-20-08К, ЗР-20-09К, ЗР-20-10Р топтары студенттерінің арасында «Мамандығым-мақтанышым» тақырыбында іс-шара өткізді.

Іс-шараның мақсаты - студенттердің  таңдаған мамандығына, білімге деген құштарлығын, ізденісін, қызығушылығын, табысқа жетудегі бәсекелестік қабілетін арттыру; логикалық ойлау қабілеттерін дамыту; көпшілік алдында еркін сөйлеуге, өз білімін көрсетуге, шығармашылықпен еңбек етуге дағдыландыру; өзін-өзі басқаруға, ұйымшылдыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуға баулу.

Іс-шараның ерекшелігі – университетті әр жылдары бітірген, қазіргі таңда өз мамандығы бойынша түрлі жетістіктерге жеткен түлектердің арнайы қонақ болып шақырылуы. Алғашқы сөз кезегін алған биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, 550-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы Сағитов Абай Оразұлы өзіміздің қара шаңырағымызды бітіріп, еңбек жолын энтомология бөлімінің зертханашысынан бастап, «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры лауазымына дейін көтерілгендігін, өз мамандығын қалай шыңдағаны, қандай жетістіктерге жеткені, қанша шәкірттер тәрбиелегені туралы көп мағлұмат айтып берді.

Іс-шараға студенттер жақсы дайындықпен келді: әр жылдары бітіріп өз мамандықтарымен жұмыс жасап жатқан түлектерге арнап «Мамандығым-мақтанышым» стендісін дайындады және интерактивті тақта арқылы  ЖШС «Өндірістік микробиология» директоры Ерік Шорабаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агрохимия және  агротехнология басқармасының бас сарапшы Меруерт Қуандықова, «АлемАгро» Холдингісінің менеджері Каштасп Абурайхан, Жетісу облысы, Ескелді аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Нұрлан Исағалиев сынды азаматтардан алған сұқбатын шараға қатысушылардың назарына ұсынды. Сонымен бірге осы шараға Zoom бағдарламасы арқылы бірқатар түлектер қатысып, өз пікірлерін білдірді. Мамандықты дәріптеуге арналған қызықты іс-шараға факультеттің деканы Ержан Советбекұлы Абилдаев, профессор оқытушы құрамы (ПОҚ), тәрбие жұмысы жөніндегі Департамент мамандары Жанат Абдрахманқызы Сарсенбаева, Қуат Қолғанатұлы Иманов, білім алушылар қатысып, іс-шара туралы өз ойларын айтты.

Студенттер шараның көркемдік безендірілуіне аса мән беріп, түрлі-түсті шарларға студенттік өмірінен алынған фотосуреттерін іліп, болашақ мамандықтарының қыр-сырын айқындайтын қойылымдар қойды. Шара соңы студенттер күшімен дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Бәсекеге қабілетті білікті маман, адамгершілігі мол азамат қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісіне шаруашылық және экономикалық нұқсан келтіретін зиянды ағзалардан (зиянкестер, өсімдік аурулары және арамшөптер) өсімдіктерді қорғаумен байланысты мәселелерді зерттеуге бағытталған. Іс-шара өз мақсатына толығымен жетті.

Тәрбие жұмысы жөніндегі Департамент