KazNARU-да ЖАСТАРДЫҢ КӘСІБИ ӘЛЕУЕТІН АЙҚЫНДАУҒА АРНАЛҒАН «CAREER BATTLE» ӨТТІ

KazNARU-да ЖАСТАРДЫҢ КӘСІБИ ӘЛЕУЕТІН АЙҚЫНДАУҒА АРНАЛҒАН «CAREER BATTLE» ӨТТІ

27 қарашада KazNARU-да «CAREER START 2027» жобасы аясында Бизнес және құқық жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Career Battle: Болашаққа қадам» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Мақсат – білім алушылардың кәсіби әлеуетін дамыту, оларды еңбек нарығының талаптарына бейімдеу, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту және университет пен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайту.

Жәрмеңкенің ашылу салтанатында KazNARU-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Гүлмира Алпысбаева сөз сөйлеп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Алматы қаласы прокурорының кадр жұмысы жөніндегі көмекшісі, заңгер Темірбек Әбдіханов жастардың кәсіби бағытты дұрыс таңдауының және еңбек нарығының талаптарын ескеруінің маңызын атап өтті. Спикерлер студенттерге кәсіби қалыптасу жолында сәттілік тіледі.

Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Динара Ажинуринаның жетекшілігімен ұйымдастырылған жәрмеңкеге Алматы қаласының прокуратурасы, ҚР Сот әкімшілігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, қалалық соттар, әділет, полиция, шекаралық бақылау, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеп-тексеру және қылмыстық-атқару жүйесі органдарының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар Halyk Bank, Alatau City Bank, «Аграрлық несие корпорациясы», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, «Шин-Лайн», «Бахус» АҚ, «Экосервис-С» ЖШС, «ID-GROUP» ғылыми-практикалық орталығы, «Инкрайз» ЖШС, «ALVIN Market Research» консалтингтік компаниясы, «Russell Bedford» халықаралық аудиторлық компаниясы, Қазақ агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты, «KASIPKER» кәсіпкерлер қауымдастығы және басқа да серіктес ұйымдардың өкілдері бас қосты.

Кездесу барысында жұмыс берушілер өз ұйымдарының қызмет бағыттарын таныстырып, жас мамандарға қойылатын талаптар, кадрларды іріктеу тәртібі, еңбек нарығындағы сұраныс және мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді. Гүлнара Шакирова, Гүлбахар Илиева, Леонид Степанов, Л. Магаева, Камила Тасболатова және басқа да спикерлер практикалық кейстер ұсынып, түйіндеме әзірлеу, жұмысқа қабылдау кезінде сұхбаттан өту және кәсіби қабілеттерді тиімді таныстыру бойынша пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – жұмыс берушілермен кездесудің интерактивті HR-баттл форматында ұйымдастырылуы. Кәсіби сайыс барысында студенттер теориялық білімдерін ортаға салып, талдамалық ойлау, командада жұмыс істеу және іскерлік қарым-қатынас дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар қатысушылар жұмысқа орналасу, өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерімен танысып, жұмыс берушілерге түйіндемелерін ұсынды.

Шара соңында университетпен серіктестікті дамытуға, білім алушылардың кәсіби қалыптасуына және білікті мамандар даярлауға қолдау көрсетіп жүрген жұмыс берушілерге алғыс хаттар табысталды.

«Career Battle: Болашаққа қадам» жәрмеңкесі университет пен жұмыс берушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, студенттерге еңбек нарығының талаптарымен танысуға және болашақ мансабын жоспарлауға мүмкіндік берді. KazNARU «CAREER START 2027» жобасы аясында білім беру мен еңбек нарығы арасындағы сабақтастықты дамытуға, серіктестік аясын кеңейтуге және түлектердің табысты еңбек жолын бастауына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник