KazNARU — Қазақстанның Ұлттық аграрлық зерттеу университеті

КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ, АКАДЕМИК СӘБИТ БАЙЗАҚҰЛЫ МЕРЕЙЛІ 85 ЖАСТА

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Сәбит Байзақұлының 85 жылдығына орай, «Орман ресурстары жасыл экономиканың құрамдас бөлігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

✅ Конференцияның басты мақсаты – жер бетіндегі орман ресурстарының экожүйелер тұрақтылығын арттыру және жасыл экономика дамуының табиғи негізі болып саналатын орман шаруашылығын сақтау мен молайту мәселелерін, жаңа білім мен ізденістерге толы ғылыми ізденістерді жан-жақты талқылау.

✅ Халықаралық жиынға офлайн және онлайн форматында Ресей, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануар әлемі комитетінің төрағасы Тұргамбаев Данияр Ғалымұлы, Қостанай облысы әкімнің орынбасары Абенов Арман Таргынұлы, еліміздің орман шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері мен табиғат қорғау мекемелерінің басшылары, университеттің проректорлары, декандар, кафедра қызметкерлері, бірге қызмет істеген ардагер әріптестері, орман шаруашылығы факультетін бітірген шәкірттері қатысты.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы білім беру және ғылым саласында аса абыройлы еңбек етіп келе жатқан Сәбит Байзақұлының отандық аграрлық ғылымды дамытуға қосқан орасан зор үлесі айырықша екендігін атап өттті.

✅ «Сәбит Байзақұлы – Қазақ ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітірген, ассистенттен академик дәрежесіне дейін көтерілген, орман шаруашылығы саласында өз мектебін қалыптастырған бірегей ғалым. Оның ғылыми еңбектері мен әдістемелік материалдары ғылыми ортада зор ықпалға ие. 170-тен астам ғылыми және әдістемелік еңбектері, оның ішінде, 6 монография, 2 оқулық және 2 оқу құралы жарық көрді. ;алымның жетекшілігімен 4 ғылым докторы мен 8 ғылым кандидаты даярланды. Олардың бірқатары бүгінгі таңда орман шаруашылығы саласындағы ғылыми және практикалық жұмыстарға өз үлестерін қосып отыр. Конференцияға қатысушылардың атынан және жеке өз атымнан Сәбит Байзақұлын 85 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, жаңа шығармашылық жетістіктер мен табыстар тілеймін!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Конференцияда Сәбит Байзақұлының ұлттық ғылыми орман мектебінің қалыптасуына, орман ресурстары мен олардың экожүйелік қызметтерін сандық, сапалық және экономикалық бағалаудың методологиясын жасауға, орман өсірудің жаңа тәсілдерін құруға қосқан ғылыми-педагогикалық еңбегі өлшеусіз екеніне жоғары баға берілді.

✅ Атап айтқанда, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Лех Платковский (Польша), К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Хлюстов Виталий Константинович, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының «Ормандарды зерттеу ғылыми-өндірістік орталығының» қауымдастырылған профессоры, а/ш. ғ. к., PhD Кулиев Арыстанбек Саипұлы, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ ЖШС Басқарма Төрағасы, PhD Рақымжанов Әлімжан Нұрсұлтанұлы, а/ш. ғ.д., профессор Мұқанов Болат Мажитұлы, ҚР ҰҒА академигі Сатыбалдин Әзімхан Әбәлқайырұлы, қауымдастырылған профессор, а/ш. ғ. к., Кертешев Талгат Сейітұлы, «Жасыл ел» ЖК басшысы Жүнісов Бақыт Жүнісұлы т.б. спикерлер ғалымның ашқан ғылыми жаңалықтары мен тиімді әдістері күні бүгінге дейін қолданыста жүргеніне кеңінен тоқталды.

✅ «Өнегелі өмір» кітаптар сериясы бас редакторының орынбасары Бауыржан Жақыпбек ғалымның жаңа жарық көрген ғылыми еңбегінің орман шаруашылығы саласын алға дамытудағы еңбегін атап өтті.

✅ Конференция қонақтары Университет аумағындағы академиктің атындағы Аллея мен «Байзақов залы» аудиториясының ашылу салтанатына қатысты.

✅ Конференцияға қатысушылар орман шаруашылығы саласын әрі қарай дамыта түсу, орман ресурстарын сақтау мен тиімді пайдаланудың жолдарын, орман экожүйесінің тұрақтылығының экономикалық, экологиялық және әлеуметтік астарларын, олардың жасыл экономиканы дамытуға қатысты арнайы қаулы қабылдап, ҚР Экология және табиғи ресурстары министрлігіне бірқатар ұсыныстар енгізіді. Атап айтқанда: :

●Заманауи инновациялық технология мен техникаға, жасанды интеллект пен ұшқышсыз аппараттар қолдануға негізделген нақты индикаторлары көрсетілген орман шаруашылығының даму Стратегиялық бағдарламасын жасап, бекітіп, іске қосу.

●ҚР Парламент Мәжілісіне ҚР Орман кодексіне жасыл экономиканың басты мақсаттарын айқындауға, ормандардың аумақтарын кеңейту мен олардың өсіп турған кезіндегі пайдалы қасиеттері мен функцияларын көбейтуге бағытталған өзгертулер мен толықтырулар жүйесін ұсыну;

● Орман кластері мен жер бетінің басқа биологиялық ресурстарының барлық технологиясын игерген жоғары білімді мамандар даярлауды түбегейлі өзгерту үшін ҚР Ғылым және білім министрлігіне республиканың орманды өңірлерінің бірінде «Орман және биоресурстар университетін» ашуды ұсыну.

●ҚР Орман кодексінде қарастырылған талаптарға сай жеке орманшылықтың дамуына назарды жақсарту, осы бизнес өкілдерінің субсидиялар алуына қолдау көрсету;

●ҚР ЖОО-лар басшыларына академик Сәбит Байзақовтың ғылыми нәтижелерін орманға байланысы бар бакалаврлар, магистрлер және РhD докторларын дайындау бойынша оқу бағдарламаларына еңгізу.

✅ Университеттің Басқарма төрағасы-Ректордың орынбасары, п.ғ.д., Абдыров Айтжан Мұхамеджанұлы конференция жұмысын түйіндей келе, Сәбит Байзақовтың нәтижелі ғылыми ізденістері мен айтулы жетістіктерге жеткен ғалымның баянды ғұмыры кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге деп бағалады.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник