| Өткізу уақыты: | 18.10.2025 10:10:00 - 18.10.2025 16:10:00 |
2025 жылы 18 қазанда Алматы қаласы, Омаров көшесі 10А мекенжайында орналасқан Алматы ипподромында, «Тенгри-Инвест» ЖШС базасында «Спорттық жылқы тұқымдары және олардың физиологиясы» тақырыбында (жылқы шаруашылығы бағыты бойынша) оқу семинары өткізілді.
Дәріскер: Исхан Қайрат Жалелұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры.
Дәріс мазмұнында спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарының жіктелуі мен физиологиялық ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды.
1. Жылдам жүрісті (жарыс) тұқымдар. Бұл топқа жататын жылқылар жоғары жылдамдықпен қозғалу қабілетімен, төзімділігімен және орта қашықтықтарда жылдамдықты тиімді дамыту ерекшелігімен сипатталады. Олардың дене бітімі жеңіл, жүрек-қантамыр жүйесі жақсы дамыған, жүйке жүйесінің реактивтілігі жоғары келеді. Негізгі өкілдері: Ағылшынның таза қанды жылқысы, Араб жылқысы, Ахалтеке жылқысы.
2. Конкур және күшсайысқа пайдаланылатын тұқымдар. Бұл бағыттағы жылқылар үйлесімді дене бітімімен, ірі сүйек құрылымымен, жақсы жетілген бұлшық еттерімен және теңгерімді темпераментімен ерекшеленеді. Олар кедергілерден секіруде, мәнерлеп жүруде (выездка) және үшсайыста жоғары нәтижелер көрсетеді. Мұндай қасиеттер олардың қимыл-қозғалысының әмбебаптылығы мен үйретілу қабілетінің жоғарылығына байланысты.
3. Төзімділікке (эндюранс) арналған тұқымдар. Бұл тұқымдар ұзақ қашықтықтарға жоғары төзімділікпен жүгіруге бейімделген, зат алмасу үдерістері тиімді, бұлшық ет талшықтарының аэробты жұмысқа икемділігі жоғары болып келеді.
Семинардың практикалық бөлімі ипподром жағдайындағы мінетін жылқылар мен зоотехникалық жаңашыл тәсілдерге арналды. Іс-тәжірибе барысында жануарлардың сыртқы морфологиялық өзгерістерін, мінез-құлық ерекшеліктерін, физиологиялық күйін және қимыл белсенділігін кешенді бағалау әдістері көрсетілді. Бұл көрсеткіштер спорттық әлеуетті объективті бағалауға мүмкіндік беретіні дәлелденді.
Іс-шара соңында қорытынды білім тексеру, дәріс тақырыптары бойынша пікір алмасу, сауалнама жүргізу және қатысушыларға сертификаттар табыстау рәсімі өткізілді.