KazNARU ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ӨТКЕН «ЖАҢА ЭКОНОМИКАҒА АРНАЛҒАН КАДРЛАР» ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ
2026 жылғы 19 қарашада Жамбыл облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы әлеуметтік серіктестікті нығайту мақсатында «Жаңа экономикаға арналған кадрлар» облыстық еңбек форумы өтті.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, KazNARU-дың «Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абильдаев бастаған университет делегациясы, еліміздің әр өңірінен келген колледж басшылары, отандық және шетелдік кәсіпорындардың өкілдері, әлеуметтік серіктестер мен педагогтер қатысты.
Форум барысында еңбек нарығының сұранысына сәйкес білікті мамандар даярлау, дуальды оқытуды дамыту, білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды.
Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі – Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, «МЕРАГРО Холдинг» және KazNARU арасында білім беру-өндірістік альянсын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойылуы болды. Келісім білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарының ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамытуға және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға бағытталған.
Форум аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласының дамуына үлес қосқан 8 бағыт бойынша үздік қызметкерлер мен 11 әлеуметтік серіктестің өкілі марапатталды.
Сонымен қатар №9 Меркі колледжінде IT-хаб, медиа-хаб, «Ақылды технологиялар» электромонтаж кабинеті және «Ақылды жылыжай» инновациялық алаңдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қатысушылар жаңа оқу кеңістіктерінің мүмкіндіктерімен танысты.
Форумның «Кәсіби білім беру: халықаралық әріптестік және жаңа белестер» атты екінші бөлімінде өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, колледждердің озық тәжірибесін тарату, өндірістік оқытуды жетілдіру және кәсіби білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізу мәселелері қарастырылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар тәжірибе алмасып, білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.
Аталған форум білім мен өндірістің ықпалдастығын арттыруға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өңір экономикасының сұранысына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.