«Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ма?» тақырыбында дебат
2026 жылғы 18 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Су ресурстары және IT-технологиялар факультеті, «IT-технологиялар» кафедрасының ұйымдастыруымен «ЖИ vs АДАМ» атты «Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ма?» тақырыбында студенттер арасында дебат өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің сыни ойлау қабілетін дамыту, өз пікірін дәлелді түрде жеткізу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының қоғамға, еңбек нарығына және адам өміріне тигізетін ықпалын жан-жақты талқылау.
Дебатқа қатысушылар екі топқа бөлініп, қарама-қарсы көзқарастарды қорғады. Бірінші топ «Жасанды интеллект адам еңбегін алмастырады» деген ұстанымды қолдаса, екінші топ «Жасанды интеллект адам еңбегін толық алмастыра алмайды» деген пікірді қорғады.
Бірінші топ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, өндірістік үдерістерді автоматтандыру, еңбек өнімділігін арттыру және көптеген мамандықтардағы адам қызметін технологиялар арқылы алмастыру мүмкіндіктері туралы дәлелдер келтірді.
Ал екінші топ адамның шығармашылық қабілеті, эмоциялық интеллекті, сыни ойлауы, адамгершілік құндылықтары мен жауапкершілігі жасанды интеллект арқылы толық алмастырылмайтынын алға тартты.
Пікірталас барысында екі топ өз ұстанымдарын нақты мысалдармен дәлелдеп, қарсы тарапқа сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Студенттер жоғары белсенділік танытып, логикалық ойлау, көпшілік алдында сөйлеу және өз көзқарасын қорғау дағдыларын көрсетті.
Іс-шараны ИИ 25-13К және ИС 25-01К топтарының кураторлары Дильмагамбетова Б.М. мен Бердімұрат Ш. ұйымдастырды.
Дебат соңында қатысушы студенттерге сертификаттар табысталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Аталған іс-шара студенттердің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, заманауи технологияларға деген қызығушылығын дамытуға және жасанды интеллекттің болашақтағы рөлі туралы жан-жақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«IT-технологиялар» кафедрасы студенттердің кәсіби біліктілігін, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған осындай танымдық әрі тәрбиелік іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырады.