KazNARU МЕН ҚЫТАЙ СЕРІКТЕСТЕРІ ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ҮШЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
2026 жылғы 17 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қытай Халық Республикасының Ішкі Моңғолия автономиялық ауданынан келген делегациямен кездесу өтті. Басқосуда жылқы шаруашылығын дамыту, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіру, заманауи биотехнологияларды енгізу және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов университеттің ғылыми әлеуеті мен Қытайдағы серіктестерімен жүзеге асырып жатқан жобаларына тоқталды. Ол Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамытудың маңызын атап өтіп, асыл тұқымды малдың генетикалық әлеуетін арттыру, репродуктивтік технологияларды жетілдіру және білікті мамандар даярлау бағытындағы бірлескен жұмыстарға басымдық берілетінін жеткізді.
Қытай делегациясының құрамында Ішкі Моңғолияның «Мэнцзюньма» компаниялар тобының төрағасы Ван Юн және Қытай мал шаруашылығы мен ветеринария ғылымдары қауымдастығының Жылқы ғылымы бөлімшесі бас хатшысының орынбасары Ли Пинсуй болды. Тараптар жылқы тұқымын асылдандыру, генетикалық материалды сақтау, қолдан ұрықтандыру және эмбриондарды көшіріп қондыру технологиялары бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ аймақтық криобанк құру және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу аясында университеттің ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, академик Мардан Джулановқа Ішкі Моңғолиядағы жылқы шаруашылығы саласындағы ғылыми қызметке шақырылғанын растайтын арнайы куәлік табысталды. Бұл отандық ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына және кәсіби тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Кездесудің басты нәтижесі – KazNARU, Қытайдың Баотоу жеңіл өнеркәсіп кәсіптік-техникалық колледжі және Ішкі Моңғолияның «Богэ» биотехнологиялық компаниясы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат ғылыми зерттеулер, білім беру және технологиялық инновациялар саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған.
Меморандум аясында бірлескен зертхана мен халықаралық ғылыми ынтымақтастық базасын құру, ортақ жобаларды жүзеге асыру, студенттер мен мамандардың академиялық алмасуын ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу көзделген. Аталған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтып, жылқы шаруашылығын заманауи технологиялар негізінде дамытуға жол ашады.