KazNARU-да ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА PhD ДӘРЕЖЕСІ ТАБЫСТАЛДЫ
2026 жылғы 11 қарашада KazNARU-да диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесіне ие болған 18 жас ғалымға диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.
Дипломдарды KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Ақылбек Күрішбаев табыстады.
Салтанатты жиынға университет басшылығы, ғылыми кеңесшілер, жас ғалымдар және олардың ата-аналары қатысты.
Ректор құттықтау сөзінде жас ғалымдарды даярлаудың отандық ғылымды дамытудағы маңызын атап өтіп, олардың ғылыми зерттеулері елдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
Жас ғалымдар агрономия, топырақтану және агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, экология, жерге орналастыру, стандарттау және сертификаттау, сондай-ақ ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету бағыттары бойынша диссертацияларын қорғады.
Қазіргі уақытта университетте 20-дан астам білім беру бағдарламасы бойынша тоғыз диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Ал биыл KazNARU-дың 46 докторанты докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл – университеттің ғылыми кадрлар даярлау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.
Салтанатты шара барысында жас ғалымдар мен ғылыми кеңесшілер сөз сөйлеп, университет ұжымына және ғылым жолындағы қолдаулары үшін жетекшілеріне алғыс білдірді. Ата-аналар да жас зерттеушілерге ақ тілектерін арнады.
PhD дипломдарын табыстау рәсімі университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосатын жас зерттеушілер үшін маңызды оқиғаға айналды.