ОРМАН КӨБЕЙСЕ – ЭКОНОМИКА ІЛГЕРІЛЕЙДІ
Шу ауданында Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында 1 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды
Орман – елдің экологиялық байлығы, табиғаттың баға жетпес қазынасы. Ағаш отырғызу – қоршаған ортаны қорғауға қосылған үлес қана емес, келер ұрпақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам. Осы орайда Шу ауданында Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Таза Қазақстан» және «Жасыл ел» республикалық бағдарлама аясында ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Ізгі бастамаға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары мен оқытушылары, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, «Балык Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері және табиғат жанашырлары атсалысты.
Атап айтқанда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетіне қарасты «Орман ресурстары, аңшылықтану және аквакультура» кафедрасының ғалымдары мен мамандары игі іске белсенді қатысып, қоршаған ортаны көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Олардың қатарында экономика ғылымдарының докторы, профессор Құрманкүл Абаева, кафедраның аға оқытушысы, магистр Гүлсім Искакова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Анар Жұбанышова және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнара Мырзабаева бар.
Экологиялық шара барысында «Ақсу» су айдынының жағалауына қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты ағаштар, жеміс ағаштары мен өзге де көшеттер отырғызылды. Ағаш көшеті жерге қонып, аумақты көгалдандыруға және табиғи ортаны жақсартуға бағытталған маңызды қадам жасалды.
Бұл бастама – табиғатты аялау мен қоршаған ортаға жанашырлық танытудың жарқын үлгісі. Сонымен қатар ол қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және туған жердің көркеюіне ықпал етеді.
Орман шаруашылығы – жай ғана еңбек саласы емес, ол табиғи байлықты сақтау, орман қорын молайту және келер ұрпаққа қолайлы қоршаған орта қалдыру жолындағы жауапты миссия. Орманшылардың күнделікті қажырлы еңбегінің арқасында жасыл желек сақталып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Орманды көбейту – табиғатты қорғау ғана емес, елдің тұрақты дамуына салынған инвестиция. Өйткені жасыл желек – экологиялық тұрақтылықтың, халық денсаулығының және келешек ұрпақтың амандығының кепілі.
Сондықтан орман шаруашылығын қолдау, ағаш отырғызу мәдениетін қалыптастыру және табиғи байлықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Таза Қазақстан» мен «Жасыл ел» бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан осындай игі істердің жалғасын табуы еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Табиғат байлығын қорғау жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, егілген әрбір көшет тамыр жайып, жайқалған жасыл желекке айналсын! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз!




