KazNARU ҒАЛЫМДАРЫ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ МАМАНДАРЫНА ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫН ӨТКІЗДІ

KazNARU ҒАЛЫМДАРЫ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ МАМАНДАРЫНА ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫН ӨТКІЗДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары Жетісу облысының Текелі қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Текелі» оқу-жаттығу және үйрету кешенінде жылқыларды асылдандыру және хирургиялық ауруларды емдеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Іс-шара шекара күзетінде пайдаланылатын жылқылардың саулығын сақтау мен жұмыс қабілетін арттыруға бағытталды.

Оқу-жаттығу жиыны ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған KazNARU «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің «Клиникалық пәндер» кафедрасынан профессор Мардан Джуланов, қауымдастырылған профессор Қанат Орынханов және аға оқытушы Серік Хизат қатысты.

Тәжірибелік сабақтар барысында Қанат Орынханов жылқыларда жиі кездесетін жарақаттар мен хирургиялық ауруларды анықтау және емдеу, іш түйілуі (колик) кезіндегі ветеринариялық көмек көрсету, сондай-ақ айғырларды пішу әдістері бойынша практикалық көрсетілімдер өткізді.

Мардан Джуланов пен Серік Хизат жылқы шаруашылығындағы заманауи репродуктивтік технологияларды таныстырды. Атап айтқанда, айғырлардан шәует алу және оның сапасын бағалау, биелердің акушерлік-гинекологиялық ауруларын ультрадыбыстық зерттеу арқылы ерте анықтау, қолдан ұрықтандыру және овуляцияны бақылау тәсілдері көрсетілді.

Жиын барысында шекара қызметінде пайдаланылатын жылқылардың тұқымдық және жұмыс сапаларын жақсарту мәселелері талқыланып, мамандар арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Университет оқытушыларының кәсіби даярлықты арттыруға қосқан үлесін жоғары бағалаған Шекара қызметінің басшылығы оларға алғыс хаттар табыстады.

Айта кетейік, KazNARU мен Шекара қызметі арасындағы бірлескен оқу-жаттығу шаралары 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Төртінші жыл қатарынан жалғасқан бұл ынтымақтастық ветеринария ғылымының жетістіктерін тәжірибеде қолдануға және шекара қызметі мамандарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник