KazNARU РЕКТОРЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ГЕРМАНИЯ ЖОО БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСТЫ
Берлинде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен бас қосты. Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев қатысты.
Басқосуда Қазақстан мен Германия арасындағы жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестіктің келешегі талқыланды. Негізгі назар бірлескен білім беру бағдарламаларына, ғылыми зерттеулерге, академиялық алмасуға және технологиялар трансферіне аударылды.
Ақорданың ресми мәліметінше, бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Германияда екі мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жүр. Сонымен қатар елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразия мен одан тыс аймақтардағы жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық екенін атап өтті.
– Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел арасындағы серіктестікті тереңдетудің негізгі бағыттарын атап өтті. Атап айтқанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын көбейту, қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейту және студенттер мен зерттеушілер үшін академиялық алмасу мүмкіндіктерін арттыру ұсынылды.
Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің практикалық нәтижесіне, жаңа технологияларды енгізуге, жоғары оқу орындары, ғылым және өндіріс арасындағы ықпалдастыққа ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның жетекші университеттері мен ғылыми институттарын жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Президент айқындаған басымдықтар KazNARU-дың зерттеу университеті ретіндегі даму бағыттарымен сабақтас. Соның бір көрінісі – Германияның Leibniz University Hannover университетімен қалыптасқан академиялық байланыс. Бұған дейін аталған университеттің студенттері KazNARU-да болып, білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты. Бұл тәжірибе ғылым, білім және халықаралық академиялық алмасуды дамытуға бағытталған әріптестіктің нақты нәтижелерінің бірі.
Берлинде өткен басқосу KazNARU-дың Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланысын кеңейтуге, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты – Ақорда.