KazNARU-ға ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛЕРІ АРНАЙЫ КЕЛДІ
Бүгін, 2026 жылдың 14 тамызында, KazNARU-ға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбеков, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі, өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян келді.
Сапар 13 тамызда Алматыда өткен ЕАЭО-ның Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі тақырыбы – аграрлық ғылым, білім және инновациялар саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту және Одақ елдері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту.
Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев қонақтарды KazNARU-дағы білім берудің басым бағыттарымен, аграрлық саланы цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі жұмыстармен таныстырды. Атап айтқанда, құрғақ аймақтарда ауыл шаруашылығын жоғары тиімді жүргізу жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық бірлескен зертханасы, университеттің сенімгерлік басқаруындағы ғылыми-зерттеу институттарының заманауи әзірлемелері, сондай-ақ АҚШ-тың Небраска-Линкольн университетімен бірлесіп құрылған «Extension» және «One Health» ғылыми-білім беру орталықтарының қызметі көрсетілді.
«Бүгінде біздің елдеріміздің аграрлық секторының алдында ортақ міндеттер тұр. Олар – еңбек өнімділігін арттыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, цифрландыру және инновацияларды енгізу. Осыған байланысты аграрлық ғылым мен сапалы кадрлар даярлаудың маңызы арта түсуде. KazNARU сияқты алаңдар ғылыми әлеуетті, білім беруді және саланың нақты қажеттіліктерін біріктіруге мүмкіндік береді», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Кездесу соңында министрлер университеттің ғылыми-инновациялық орталықтары мен зертханаларын, инфрақұрылым нысандарын аралап, ҰАҒБО ғылыми-зерттеу институттарының әзірлемелері ұсынылған көрмемен танысты. Қонақтар жастардың ғылыми бастамалары мен тәжірибелік жобаларына жоғары баға беріп, олардың аграрлық саланың дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар аграрлық ғылым мен инновациялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, бірлескен зерттеулерді дамытуға, технологиялар мен құзыреттермен алмасуға, сондай-ақ АӨК үшін жаңа буын мамандарын даярлауға мүдделі екенін жеткізді.
KazNARU Баспасөз қызметі