ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ KazNARU-дың ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ KazNARU-дың ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

2026 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУ) 2026-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы қабылданды.

Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде университетте мамандар даярлаудың барлық бағыттары бойынша материалдық-техникалық база жаңартылатын болады.

Атап айтқанда, 33 жаңа оқу зертханасы, цифрлық технологияларды оқытудың инновациялық орталығы және ақылды ауыл шаруашылығы орталығы құрылады. Бұл ҚазҰАЗУ-дағы білім беру мен ғылыми үдерістерді сапалы трансформациялаудың берік негізіне айналады.

Сонымен қатар, дуальды оқыту міндеттерін шешуге мүмкіндік беретін университеттің өз оқу-өндірістік платформалары құрылмақ. Олардың қатарында сүтті және етті бағыттағы ірі қара мал шаруашылығына, ешкі шаруашылығына арналған смарт-ферма, құс фабрикасы, сондай-ақ заманауи орман питомнигі және микроклондық көбейту зертханасы өнімдерін кеңінен таратуды қамтамасыз ете алатын  жылыжай бар.

Қолданыстағы әлеуметтік және қызмет көрсету инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында IT, серверлік және желілік инфрақұрылым, кітапхана мен баспахана қосымша жабдықтармен жарақтандырылады. Оқу корпустары мен жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Оған қоса, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің сенімгерлік басқаруындағы ғылыми-зерттеу институттары (ҒЗИ) мен тәжірибелік шаруашылықтардың (ТШ) материалдық-техникалық базасын технологиялық парк, мамандандырылған ғылыми орталықтар мен зертханалар құру арқылы нығайту қарастырылған.

Бағдарламаға сәйкес университетті дамытуға республикалық бюджеттен барлығы 27,2 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген.

Бағдарламада белгіленген барлық индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу ҚазҰАЗУ-дың халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті ретінде мәртебесін  нығайтуға толық мүмкіндік береді.

 

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник