KazNARU ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

KazNARU ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

2026 жылғы 30 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде бакалавриат бағдарламасын тәмамдаған түлектерге диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.

Диплом тапсыру салтанаты ҚР  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің еліміздің жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерге арналған бейнеқұттықтауымен басталды.

Салтанатты рәсімде KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов сөз сөйлеп, бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарын шын жүректен құттықтап, жас мамандарға ізгі тілегін жеткізді.

Ол өз сөзінде  елдің агроөнеркәсіптік кешені үшін білікті мамандар даярлаудағы университетіміздің маңызды рөлін атап өтіп, түлектердің кәсіби жолда табысқа жетіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.

Бүгінде университет әлемнің 200-ден астам жетекші университеттерімен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен серіктестік орнатып, халықаралық ынтымақтастығын табысты дамытып келеді.

Университет білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жетілдіру арқылы заманауи көшбасшы жоғары оқу орнына айналды.

Соңғы жылдары KazNARU халықаралық рейтингтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Университет QS World University Rankings by Subject 2026 рейтингінің «Agriculture and Forestry» бағыты бойынша әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына енді. Сондай-ақ, Times Higher Education World University Rankings 2026 беделді рейтингіне алғаш рет еніп, бірден 1500+ санатына орналасты. Осылайша KazNARU аталған рейтингке енген Қазақстанның үздік бес жоғары оқу орнының бірі атанды.

2025-2026 оқу жылында KazNARU-ды 1000-нан астам білім алушы тәмамдады. Биылғы диплом табыстау рәсімін «Агробиология» факультеті мен «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің түлектері бастады.

Диплом табыстау салтанатына Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлмира Егізбаева, тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Асима Ералиева, «Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абилдаев, «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина, профессор-оқытушылар құрамы мен ата-аналар қатысты.

Дипломдарды Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы, Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы,  Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы салтанатты түрде табыстап, жас мамандарға жарқын болашақ, кәсіби табыс пен ел игілігі жолындағы жемісті еңбек тіледі.

Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан «Қазақстан-Ауған инновациялық технологиялармен алмасу орталығы» ұйымының басшысы Акбари Ашраф БҰҰ Даму бағдарламасы аясында біздің университетте білім алған түлектерді дипломдарымен құттықтап,  ауған жастарының сапалы білім алуына мүмкіндік жасағаны үшін университет басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізді.

Ақ жол,  жас түлектер! Өмір жолдарыңыз сәтті болып, әрдайым биік белестерді бағындыра беріңіздер! 

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник